9 айда жемқор қызметкері үшін 9 әкім отставкаға өтініш берген

Жарияланды
Олардың алтауы қызметінен кеткен

Қол астындағы  мемлекеттік қызметкері парамен ұсталса, басшысы да жауапкершілік арқалайтын норма енгізілген 9 айда, аудандық және облыстық деңгейдегі 9 әкім қызметінен кетуге өтініш берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, алты әкім  креслосымен қош айтысқан. 

Қазіргі кезде Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың өтініші қаралып жатыр. Оның орынбасары пара алғаны үшін  сотталып, сот шешімі 8 кыркүйекте өз күшіне енген болатын. 

Ал қалған екі әкімнің (Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен Алматы облысы, Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев) өтініші қабылданбаған. Олар қатаң сөгіс алып, қызметінде қалдырылған. 

Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовтың өтінішіне қол қойғаны хабарланған еді. Осы ауданға қарасты ауыл әкімі бюджет қаржысын жымқырғаны үшін істі болған еді. 

Айта кетейік, былтыр жыл соңында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарға өзгеріс енген болатын. Осы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа барса, оның басшысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Отставкаға кетуі үшін оның  сол жерге басшы боп келгеніне 3 айдан асуы керек. Сонымен қатар, бұл норма тек 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бері жасалған жемқорлық фактілерін қамтиды.  

Сондай-ақ оқыңыз