Халықаралық тәжірибеге сай, тауарды таңбалау – көлеңкелі тауар айналымын төмендетуге бағытталған құралдың бірі. Таңбаланған тауар тұтынушыларды жалған және контрафактіден қорғап, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ, мемлекет сату тізбегін қадағалап, бизнеске арадағы делдал санын азайтуды ұсынып, сенімсіз кәсіпкерлердің үстеме пайда алуына жол бермеу мен тауар құнын реттеуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Халықаралық тәжірибе де осы тетікті енгізу тауарлардың өндірістен немесе импортты әкелуден бастап, түпкілікті сатуға және айналымнан шығаруға дейінгі өмірлік циклін қадағалауға ғана емес, сондай-ақ бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша тері бұйымдарын таңбалауды енгізудің арқасында тері бұйымдарын сатудан 2019 жылдың жеті айында бюджетке түскен салық пен кеден төлемдері 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 55%-ға өскен.
Nielsen компаниясының зерттеуін бойынша Қазақстанда темекі өнімдерінің заңсыз айналымы 2017 жылы – 1,8%-ды, 2018 жылы – 2,8%-ды, ал 2019 жылы 2,3%-ды құраған. Ал 2020 жылы 3%-ға жетеді деген болжам бар. ДДҰ бағалауы бойынша, темекі өнімдерінің заңсыз айналымы орташа есеппен бағаны 4%-ға төмендетеді және дүниежүзінде темекі тұтынудың 2%-ға өсуіне ықпал етеді. Ол өз кезегінде жылына шамамен 164 000 адамның өліміне әкеп соғуы мүмкін.
Міндетті таңбалау тері бұйымдарына қатысты енгізілді. Сондай-ақ, елде заңсыз темекі айналымына қарсы күрес пен тұрғындардың өмірін, денсаулығын қорғау мақсатында 2020 жылғы 1 қазаннан бастап – сигареттерге, 2021 жылдың 1 сәуірінен темекі өнімдерінің өзге де түрлеріне міндетті таңбалау енгізіледі.
Қазіргі кезде 3 тауар тобын міндетті таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Бұл: алкоголь өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмек. Сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіптің кейбір тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру пысықталыр жатыр. Орта есеппен, пилоттық жобаны жүзеге асыруға 1-2 жыл қажет. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба 2018 жылдан 2020 жылға дейін созылды.
2018 жылдың 2 ақпанындағы ЕАЭО-да Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссияны өз аумағында Одақ шеңберінде таңбалау туралы шешімі жоқ сол немесе өзге бір тауар тобын таңбалауды енгізу ниеті туралы алдын ала хабардар ету алгоритмі) көзделген. Бұл ретте, таңбалауға бастамашы мемлекет те, Одаққа қатысушы қалған елдер де ұлттық экономиканың мүддесін басшылыққа алады. Сонымен қатар қандай да бір тауар позициясын таңбалауды енгізуде дербес шешім қабылдайды.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 6-бабының 11-2-тармағына сәйкес Конкурс қорытындылары бойынша тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторын айқындау Үкіметтің құзыретіне жататыны айқындалған.
Өз кезегінде, Бірыңғай операторды айқындау қағидалары Үкіметтің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №672 қаулысымен бекітілді, оған сәйкес Сауда және интеграция министрлігі ашық 3 кезеңдік конкурс өткізді және сегіз орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басшылары мен орынбасарлары қатарынан конкурстық комиссия бекітілді.
Байқау қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ жеңімпаз боп танылған. Үкіметтің №95 қаулысы негізінде Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып «Қазақтелеком» АҚ белгіленді
Министліктің мәліметі бойынша, Бірыңғай оператордың функцияларын орындау қандай да бір мемлекеттік қаржыландыруды көздемейді, ол толығымен бірыңғай оператордың қаражаты есебінен жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, ЕАЭО-ға мүше әр мемлекет тауарды міндетті таңбалауды енгізу кезінде отандық бизнесті қолдаудың өзіндік шараларын көздейтінін атап өту қажет.
Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу Еуразиялық экономикалық одақтаТауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісіммен, сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Осылайша, заңмен үйлестіруші, салалық мемлекеттік органдардың және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының ұғымдары мен құзыреттері айқындалған. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тауарларды өткізу еркіндігі еуразиялық бірлестікті құрудың негізгі мақсаты ретінде айқындалғанын назарға ала отырып, қабылданған Келісім шарттың негізгі қағидаттарына қайшы келмейді.
Сонымен бірге, Келісім біржақты таңбалауды енгізген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің өндірушілеріне де, Одаққа қатысушы басқа елдердің жеткізушілеріне де қолданылады, бұл ЕАЭО-ның барлық кәсіпкерлік субъектілері тең шарттарда жұмыс істейді және өз аумағында осы тауар тобын таңбалаудан бас тартқан Одаққа мүше мемлекеттердің бизнесіне қосымша талаптар жасалмайды дегенді білдіреді.
«Сондай-ақ, мысалы Ресей Федерациясында тауарларды таңбалау және бақылау жүйесін енгізу өнім бағасының инфляция деңгейінен жоғары өсуіне әкелмейді. Бақылау-сәйкестендіру белгілерінің (БСБ) құны реттеушілік әсерді талдау барысында пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша да айқындалатынын және Үкімет қаулысымен бекітілетінін атап өту қажет. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалауда қолданылатын БСБ құны ҚҚС құнын есепке алмағанда 2,68 теңгені құрайды. 2020 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша тиісті қаулы Үкімет отырысында қабылданды және ол тіркеуде», – делінген хабарламада.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның нормаларына сәйкес белгілі бір тауар топтарына міндетті таңбалауды енгізу туралы шешімдер таңбалауды енгізудің орындылығын талдау, сондай-ақ әртүрлі тауар топтарын таңбалау жөніндегі пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша салалық мемлекеттік органдар жүргізетін реттеушілік әсерді талдау нәтижелерінің негізінде ғана қабылданатын болады. Пилоттық жобалар барысында бизнеспен бірлесіп іске асырудың техникалық нұсқалары мақұлданады және бизнеске түсетін қаржылық жүктеме бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, талданады. Пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарлар тәуекелдері болған жағдайда, белгілі бір тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілмейді.