Жаңалықтар

Пәтерді жалға алған азамат жылу батареяларын ұрлап кетті 

Келтірілген шығын көлемі 60 мың теңге

Саран қаласынан жалдамалы пәтер алған адам пәтердегі жылу батареясын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Қарағанды облысы Саран қалалық полиция бөліміне 56 жастағы қала тұрғыны арызбен жүгінген. Азаматшаның қалада пәтерін жалдауға беретіні белгілі болды. Соңғы уақытта ол пәтерін белгісіз бір азаматқа уақытша тұруға берген. Пәтер жалдап алған азамат үйді таза ұстайтынын және пәтер ақысын уақытылы төлеп тұратынын айтып ауызша екеуара келіскен. 

Алайда, арада аз уақыт өтсе де пәтер жалдап алушы пәтер иесіне біраз ақша қарыз болған. Жәбірленуші үйіне келіп, азаматпен кездесіп, қарызын сұрамақ болғанда пәтерде жалдап алған азамат болмаған және жылу батареяларын шешіп әкеткенін көрген. Сондықтан ұрлық фактісі бойынша полицияға хабарласқан.

Оған келтірілген шығын көлемі 60 мың теңгені құраған. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен ізін суытпай 32 жастағы азамат ұсталды. Ол ақшадан қысылғандықтан үйдегі жылу батареяларын темір алатын жерге апарып өткізгендігі туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Полиция қызметкерлерімен айғақ заттар тәркіленіп алынды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.