Жаңалықтар

Бала-шағасын аяусыз сабаған әкеге қандай шара қолдану керек?

Әйелі берген арызын 2 рет қайтаруға мәжбүр болған

Кешелі бері желіде балаларын аяусыз ұрған әкенің видеосы қызу талқыланып жатыр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылының тұрғыны мас күйінде бала-шағасына зәбір көрсетіп келе жатқанына бірнеше жыл болыпты. Ер адамның жеке басы анықталды. Бізге белгілі болғандай, оның есімі — Ержан Дауырбаев. Отау құрғандарына он жылдан асса да, отбасының берекесін ішіп келіп қашырады екен. Бұл туралы оның әйелі Махаббат Әбдірайымова айтып берді. 

Жанұяда үш бала бар. Үлкені — тоғызда, ортаншысы — жетіде, кенжесі — 3 жаста. 1982 жылы туған Ержан құрылыста жұмыс істейді. Махаббат Сәдуақасқызының айтуынша, арақпен дос болып, ішіп келген күні отбасы мүшелеріне түгел сес көрсетеді екен. Келіншек осыған дейін полицияға екі рет арызданған. Айтуынша, полиция қызметкерлері қорқытып, арызын қайтып алдырған. Ондағы себеп учаскелік полицияның құда бала болып келуі деседі. 

Осы оқиғадан соң Түркістан облыстық полиция департаменті әлеуметтік желідегі мониторинг арқылы хабардар болып, мынадай мәлімдеме жасады. 

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері белгісіз ер адамның кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып жатқан бейнежазбасын анықтады. Тексеру барысында оқиғаның Қазығұрт ауданында болғаны айқындалды.  Аталған жайтты  полицейлер ҚР ҚК-нің 110-бабы «Азаптау» бойынша Қазығұрт АПБ-нің СДТБТ-не тіркеді. Кінәлі азамат заңды түрде жауапқа тартылатын болады.  Сонымен қатар, аудандық учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта аталған жайттың толық  мән-жайы анықталуда»,– деген ақпарат таратты Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Журналист Жазира Бегалыға Махаббат Сәдуақасқызы алғаш болып хабарласып, көмек сұраған.

«Әке-шешем солай мені тәрбиелеген. Мен ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелеймін, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын»,- депті бала-шағасын жұдырықтаған  әке. Таңертең  үш баланың анасы Махаббатпен сөйлестім. Кеше түнгі 12-ге дейін тергеушілер балалар мен әйелден жауап жазып алыпты. Келіншек айғақ ретінде телефонын да полиция бөлімшесінде қалдырыпты. Ал өзінің ұлдарын аяусыз ұрғанын дұрыс деп есептейтін әке балалары мен жұбайынан кеше кешірім де сұрамағанын естіп, жағамды ұстадым. 

Келіншекке  «видеоға неге түсірдің?» деп күңкілдегіштер, ақыл айтқыштар зіркілдемесін. 4 жыл бойы сол еркектің арақ ішіп, үйінде соғыс ашып, бала-шағасы, әйелін қорлап жатқанын маңындағы ағайын, көршілер қалай білмеген? Яғни ол еркек ешкім  естімейтін әдіс пайдаланған. Анау зілдей жұдырықпен ұрғанда екі баланың біреуі де жылаған жоқ. Видеоны қарап,соған таң қалдым.  Себебі олар жыласа, одан да зор таяқтың көкесін  жейтінін біледі. Балаларға үрей, қорқынышпен өмір сүру оңай емес. Анасы бұған дейін де ағайын-жұртына шағымданған. Өкінішке қарай басы ауырмаған, балтыры сыздамаған , ол еркектің таяғын жемегендер бұл азаптың қаншалықты азап,тозақ екенін білмейді. Тас түскен жеріне ауыр. Ұят болады, шыда, балалар әкесіз қалады деп ақыл айтқыштарды сол еркекке бір сабатып алу керек. Басқа айтуға сөз таппай отырмын. Сол татуластырғыштар зорлық-зомбылықтың  салдарын, себебін неге ойламайды? Анасы видеоға неге түсірді, араша түспеді  деп ақыл айтқыштарға айтарым, ерінен таяқ жеп, кіші ұлының аузы қанап, жылаған баласын жұбату үшін емізіп отырып, өзі қорқып , жүрегі қан жылаған шеше кешегі кадрларды  жасырын түсіруге мәжбүр болғанын айтады»,– деп жазды журналист желідегі парақшасына.

 

Қазығұрт аудандық әкімдігі арнайы топ құрып, балаларға психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырып жатыр. Іс болса, облыстық полиция департаментінің бақылауына алынған.