«Қазақ тілді әдеби нарықта мұндай жобаны алғаш рет біз қолға алып отырмыз»
Соңғы уақытта елімізде кітап нарығы қайта жанданып, ерекше серпіліске ие бола бастады. Бұл қатарда жазушы, баспагер Арман Әлменбетті айрықша айтамыз. Өзі құрған «Мұқаба» баспасынан дизайны мен мазмұны үйлескен сапалы кітаптар жарық көріп жатыр. Биылдан бастап Арман және оның серіктестері «Qasym kitaphanasy» сериясымен кітаптар шығарып, akel.kz интернет-дүкені жобасын іске қосты. Осы орайда баспагердің жобалары жайлы өз аузынан естігенді жөн санадық.
– «Qasym kitaphanasy» идеясының туындауына кім түрткі болды? Жоба неліктен бұлай аталды?
– Белгілі кәсіпкер, «Nәtige» және «220 Volt» компанияларының басшысы Ерлан Әшіммен 2014 жылдан бері таныспын. 2018 жылы қазақша іскерлік әдебиет қатарын толықтыру мақсатында «Берекелі бизнестің сыры» кітабын шығардым. Сол жылдары Ерлан аға қазақ және шетел әдебиетінің классикалық шығармалары неліктен кітап дүкендерінде жоқ, сатып алайық деп барсақ таппаймыз, бала кезімізде шетелдің керемет шығармаларының қазақша аудармалары болушы еді ғой деп айтып жүрді. Мен «ондай кітаптар қазір өтпейді, адамдар қажет қылмайды» дедім. Кейінге дейін солай ойлап келдім. 2019 жылдан бастап Ерлан аға кітаптар шығарайық, ертеңгі күні жастар қазақша таппаған соң орысша оқитын болады деп қайта айта бастады. Мен «ендеше жаппай бәрін шығармай, балалар мен жасөспірімдерге арнап шығарайық» деген ұсыныс айттым. Ол кісілер қолдап, атаулы сериямен, ортақ дизайнмен шығаратын болып келістік. Бұл кісінің нағашы атасы Қасым Жайнақов екі мектеп салғызған, Кеңес үкіметі кезінде айт намазын оқытқан, көзі ашық, білімді адам болған. Кейін сол әрекеттері өзіне таяқ болып тиіп, репрессияға ұшыраған – 1938 жылы атылған. Сол кісінің құрметіне серияға «Qasym kitaphanasy» деген атау бердік. Серия аясында қазақ әдебиетіндегі көрнекті шығармалар және әлем әдебиетінің қазақша аудармалары шығады. Шынын айтқанда, біз кішкентайымыздан не кітап оқырымызды білмей өстік. Ал біздің серияны оқып шыққан адам әлем және қазақ әдебиетінен біраз хабардар болады.
– Жоба үлкен инвестицияны қажет етті ме?
– Мен Ерлан ағадан ақша сұрап, осы кітаптарды басып жатқан жоқпын. Яғни, мен тапсырысты орындаушы емеспін. Бұған біз ортақ іс ретінде қарап отырмыз. Сондықтан мен беталды артық тиын шығармай, шашып-төкпей, бәрімен саудаласып, барлығын үнемдеуге тырысамын. Осы жаздан бастап жобаның қаржысын қадағалау жұмыстары арнайы кәсіби мамандарға жүктелді. Мен – жаңадан құрылған ЖШС-ның («Qasym баспа үйі» деп «Muqaba» баспасынан бөлек шығардық) құрылтайшысының бірімін, әрі шығармашылық директормын. Яғни, кітаптардың шығуына жауаптымын. Ал қаржы көлеміне келсек, мемлекет тарапынан кітап шығаруға бөлінетін әртүрлі жобалардың жанында, «баланың ойыны» болып қалатын шығар.
– Кітапқа қажетті қағаздар қайдан алынады?
– Ол – типографияның шаруасы. Бірақ мына қағазды алыңдар, мынаны пайдаланайық деген сияқты нұсқау беремін. 2017 жылдан бері белсенді түрде кітап шығару саласында біраз тәжірибе жинадым. Қазіргі қағазымызды 2018 жылдан бастап іздеп, ақыры таба алмай, амалсыз сапасы төмендеу бір қағазбен шығара бастаған едік. 2020 жылы бір компания іздеген қағазымызды Қазақстанға қайта әкеле бастапты. Ести сала, сол қағазды алдық. Ол өзі Финляндиядан келеді.
– Карантин бұл бизнеске кедергісін тигізді ме?
– Бұл жерде жағдайдың екі қыры болды. Енді бастағалы жатқанда карантин жарияланып, типография мен дүкендер уақытша жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, біраз кітабымыз едәуір уақыт кешеуілдеді. Жақсы жағы – жұмыстарды дұрыстап жүйелеп алуға мүмкіндік болды. Бәлкім, карантин болмағанда асығыстыққа ұрынып, соның кесірінен қатені де көбірек жасар ма едік. Одан кейін бізге тиімді болған тағы бір жәйт – корректорлар бір мезгіл қолы босап қап, біздің кітаптарды оқыды, өзіміз де асықпай шығармалармен таныстық, суретшілер суретін салып жатты дегендей. Сөйтіп, ол кісілер де бос отырмай, карантин кезінде ақша тапты.
– Авторлар қандай талаптармен таңдалып жатыр?
– Автор емес, шығармаға қарап таңдаймыз. Әлем әдебиеті бойынша аударманың сапасына қараймыз. 60-70 жылдары аударма өте керемет жасалған. Сапасы да жоғары, саны да көп. 1985 жылдан бері көп кітаптар қайта басылмай қалған. Қазір кітапханалардың «Сирек қор», «Алтын қор» бөлмелерінде ғана сақтаулы. Соларды тауып шығарып жатырмыз. Ол үшін кітапханалармен тығыз байланыстамыз.
– Көзі тірі авторлармен келісім жасалды деп жазғаныңызды білемін. Оларға баспа тарапынан қаламақы төлене ме?
– Қайтыс болғандардың мұрагерлерінен рұқсат аламыз. Булгаковтың немересімен, Айтматовтың балаларымен, Әуезовтың құқығын алған кісілермен келісіп жатырмыз. Барлығына қаламақы төленеді.
– Енді қалыптасып, өз жолын тауып келе жатқан жас жазушылармен серіктес болу ойда бар ма?
– Біздің түпкі мақсатымыз да сол. Мысалы, Ұларбек Нұрғалым бала кезіндегі қызықтарын көркем шығарма етіп жазып берсе, керемет дүние болар еді. Классиктердің барлығы кезінде талай қаламақыны алып, ол шығармаларының қызығын көріп тастады ғой. Біз негізінен жастарды қолдағымыз келеді. Бірақ сөйте қояйын десең, шын мәнінде керемет қызыға қоярлықтай тұщымды дүние көрмей жүрмін.
Жалпы, қазір проза оқылады, ол құрығанда киноның шикізаты ретінде болса да керек-ақ. Режиссерлермен әңгімелессеңіз, қандай жақсы жаңа шығармалар бар деп сұрайды. Киноға айналдыратын тақырып іздеп жүреді. Голливудта да солай. Жақсы кинолардың көбі ә дегенде кітап болып шыққан ғой.
– Жоба жарыққа шыққалы бері көркем әдебиетке деген сұраныстың қай деңгейде екенін байқаған боларсыз.
– Киноға баратындар, бизнес кітаптарды оқитындармен салыстырғанда аз болуы мүмкін. Бірақ қай заманда да көркем әдебиетті оқитын адам болады. Аздың өзі біз ойлағаннан көп. Өз-өзіңді асырап, пайда табуға жетерліктей клиент саны болып шығуы мүмкін. Кітаптарды бастапқыда Ерлан аға 3000-нан басайық деген. Мен 1000 қылып шығарайық, қате кетіп қалса да түзеуге оңай болады деп, қоймай қойдым. Бірақ сол 1000 тираждың өзі бітіп қалып, қайта басып жатырмыз. Бәрі бірдей мың емес. «Менің атым – Қожа» екі рет басылып, бас-аяғы 3000 болды, «Кішкентай шахзада» бірден 2000 тиражбен басылып шықты.
– Әлеуметтік желіде кітап бағасын кей оқырмандар «су тегін» деп бағалапты. Бір оқырман Оралхан Бөкейдің кітабы неге арзан тұрады депті. Баға саясаты не нәрсеге сүйеніп қойылып отыр?
– Ары ойланып, бері ойланып кітаптың көлеміне қарап қойдық. Өйткені шығын да кітаптың көлеміне байланысты болады. «Арпалыс», «Үш ноян» сияқты кітаптар әжептәуір қалың. Соған сай бағасы да қымбатырақ. Жалпы, баға 1000-3000 теңге аралығында.
– Осындай қиын сәтте қолға алған әдеби жобаны әдеби орта қолдай алды ма? Тым құрығанда бәрекелді деген лебіз айтылды ма?
– Кездескен кезде «жақсы екен» деп айтып жатады. Бірақ мен бұдан да жақсырақ қолдайтын шығар деп күтіп едім. Егер осы жобаны басқа біреу жасаса шынайы тілектес болып, желіде бөлісіп, сұхбат алып, елпілдеп кетуші ем. Меніңше, қолдаудың екі түрі бар. Бірі – кітап сатып алу. Екіншісі – сол кітаптарды талдап мақала, пост жазу. Шындап келген бұл бізді ғана емес, әдебиетті, кітап нарығын қолдау. Әрі орта да өзінің интеллектуалды деңгейін, ояу екенін, биік екенін дәлелдеуші еді. Қазақ тілді әдеби нарықта дәл осы деңгейдегі ауқымды, пайдалы жоба бірінші рет қолға алынып отыр. Көп адам мұндай жұмысты мемлекет істеуі керек деп есептейді. Бұл тіпті де мемлекеттің функциясы емес. Мемлекет өңірлік білім басқармалары арқылы, кітапханаларға сапалы, қажетті кітаптардың дұрыс жеткізілуін лайықты қадағалап отырса да жаман болмас еді.
– Akel.kz-те кітап сөресінен бөлек, видео контент те қалыптасып жатқан сияқты. Болашақта бұл интернет-дүкеннің электронды сөресі тағы қандай дүниелермен толығуы мүмкін?
– Әзірге кітап пен видео ғана бар. Жаңадан бір нәрсе қосу туралы әлі жоспар жоқ. Интернет-дүкеннің басты мақсаты – қазақша кітап сату, қазақша қызмет көрсету. Осыған қатты мән береміз. Түрлі қызық әрі пайдалы видеолар да оқырман мен клиент тарту үшін қолға алынды. Екеуі де мидың азығы ғой.
– Жыл аяғына дейін 50 кітап шығарамын деп айтыпсыз…
– Иә, негізі жоспар солай. Бұл аз жұмыс болмайын деп тұр. Бірақ серіктестерімнің 50 кітаппен тоқтай салатын ойлары жоқ. 2021, 2022 жылдары да кітап шығарып, біткен кітаптарды қайта шығарып отырсақ деген ниеті бар. Сондықтан әлде де жақсы шығармалар іздеу керек. Оқырмандардың да ұсынысын ескереміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!