Қазақстанда салық төлеу мерзімі аяқталды. Кешіктірілген салық үшін азаматтар айыппұл төлей ме?
Мемлекеттік кірістер комитеті 2019 жылға тиесілі жер мен мүлік салығын 2020 жылдың 1 қазанына дейін төлеп біту керек екенін мәлімдеген болатын. Бұл жаңалықтан азаматтардың барлығы құлағдар болуы үшін ескерту отандық БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланып отырды. Соған қарамастан салық төлеуді кешіктіріп алған азаматтар бар екені де күмәнсіз. Сондай категориядағы азаматтарға арнап мына нұсқаулықты ұсынамыз.
Заңға сәйкес, жер мен мүлік салығы 1 қазанға дейін төленуі тиіс. Төленбеген жағдайда стандартты өсім жүреді. Заң бойынша айыппұл қарастырылмаған. Тиісінше стандартты өсімді де айналып өтуге болады. Ол үшін салық амнистиясы шарттарына мұқият үңілген абзал. Бұған сәл кейінірек ораламыз.
Ал көлік салығын төлеушілер әзірге алаңдамаса болады. Салық кодексінің 494 бабына сәйкес, транспорт салығы әр жылдың соңына дейін төленіп бітуі тиіс. 31 желтоқсанға дейін төленбеген жағдайда жоғарыда айтылғандай – стандартты өсім жүретін болады. Мүлік және жер салығындағыдай көлік пенясын да салық амнистиясы арқасында төлемеуге болады. Алайда бәрібір негізгі қарыз сомасын төлеуіңіз керек.
2020 жылдың тамыз айындағы дерек бойынша, халықтың салық бойынша берешегі 26,6 млрд теңгені (пеняны қоса есептегенде) құраған. Мемлекеттік кірістер комитетінің есептеуінше, 1,2 млн қазақстандық салық амнистиясы арқасында пеня төлеуден құтыла алады. Соның өзінде бюджетке 12,7 млрд теңге салық түсімі түспек. Ал азаматтар салық амнистиясын пайдалану нәтижесінде 4,3 млрд теңгесін үнемдейді.
Ал сіздің атыңызда төленуі тиіс салық бар немесе жоқ екенін қалай анықтауға болады? Ол үшін мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы «Салық берешегенің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» бөлімін таңдап, әрі қарай ЖСН нөміріңізді енгізіп, анықтай аласыз.
Салық амнистиясын қалай пайдалана аламыз?
Жеке тұлғалардың транспорт, жер және мүлік салығы бойынша өсім қарыздарын кешіру акциясы елімізде 19 тамызда басталды. Бұл туралы заң 2 шілдеде қабылданған. Акция 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Өсімпұлды кешірудің басты шарты – негізгі қарыз сомасын төлеу. Мұндай акиця былтыр да жүргізіліп, 755,7 мың жеке тұлға 15,9 млрд теңге негізгі қарыз сомасын төлеу арқылы 3,1 млрд теңгені құрайтын өсімпұл кешірілген. Соның арқасында салық органдары қаншама азаматтың мүлік пен банк шоттарына енгізілген шектеулер мен тұтқындауларды алып тастады. Ал салық берешегін кешіктірген, енді үстіндегі өсімпұлды кешіруін қалайтын ел азаматтары не істеу керек? Ол үшін ешқандай сайтқа кіріп немесе салық органына барып өтініш жазудың керегі жоқ. Бар болғаны негізгі қарыз сомасын түгелімен төлеу керек. Сонда үстінде жинақталған пеня да автоматты түрде кешіріледі.
«Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде пеняны кешіру бойынша комиссиялар құрылады. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1350 азаматтың негізгі қарыз сомасы 1 млн теңгеден асып кеткен. Жалпы, жеке тұлғалардың жиынтық қарызы 6,8 млрд теңгені құрайды. Олардың негізгі қарыз сомасы – 4,2 млрд теңге болса, өсімпұлы – 2,6 млрд теңге»,- делінген комитет хабарламасында.