Қазақстанда шенеуніктерге сыйлық беруге толық тыйым салынды

Жарияланды
Бұл норма сыбайлас жемқорлықпен күрес заңына енгізілді

 Елімізде мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алуына  толық тыйым салынды. Сонымен қатар, заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін қызмет көрсетуіне болмайды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында жазылған.

Ақорда  баспасөз қызметінің хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды сатып алу және іске асыру бойынша негізгі шешімдер қабылдайтын тұлғаларға таратылады.

Айта кетейік, аталмыш заң мемлекет басшысының жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған.

Президент 1 қыркүйектегі  Жолдауында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек деп мәлімдеген еді. 

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек.

«Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет», –деді президент. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз