Жаңалықтар

Павлодарлық компания коронавирусқа қарсы киім тігеді

Арнайы костюмдерді облыстың төрт ірі емханасысатып алуда

Павлодар қаласындағы «УзКазТекс Трейд» ЖШС 2017 жылы құрылып, биылға дейін  импорттық тауарларды сату-сатып алумен айналысқан еді. Өзбекстаннан арнайы киім, аяқ киім, жеке қорғаныс заттарын тиімді бағамен әкеліп, жергілікті компанияларға сатты. Ал биыл өздері де арнайы киім тігуді қолға алды. Бұл ойдың жүзеге асуына «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы көмектесті. Соның аясында екінші деңгейлі банктен 14 пайыздық мөлшерлемемен 15 млн теңге несие алды. Оның 5,6 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 12,7 млн теңге көлемінде кепілдік берді. 

Кәсіпорын басшысының орынбасары Әділ Сыздықованың айтуынша, коронавируспен күрес кезінде облыс орталығындағы төрт аурухананың тапсырысы бойынша дәрігерлерге арналған қауіпті вирустан қорғайтын киім жиынтығын тікті. Қысқа мерзім ішінде осындай арнайы киімнің 400-ден астамы дайындалыпты. Сонымен қатар, облыс орталығындағы бірқатар тіс емханасының дәрігері «УзКазТекс Трейд» фабрикасының мамандары тіккен медициналық киімдерді киіп жүр. 

Десе де, компанияның негізгі бағыты – ірі зауыттарға арналған киім тігу. 

«Павлодар облысы – еліміздің индустриялық орталығы. Біздің өңірде мұнай, металл өңдеу, электр энергиясын өндіру, өндіріс пен құрылысқа қажет түрлі материал дайындау мен тағы басқа бағыттарда жұмыс істейтін өндіріс орындары көп. Жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың барлығын тиісті киіммен қамтамасыз ету қажет. Бұған дейін біз сондай киімдерді шетелден әкеліп, оған деген сұраныстың қаншалықты зор екенін байқадық. Енді импорттық өнімнің үлесін 30-40 пайызға дейін төмендетіп, кәсіпорындардың жартысынан астамын павлодарлық киімдермен қамтып отырмыз», – дейді Ә.Сыздықова. 

Тігін фабрикасы алдағы уақытта өрт сөндірушілерге арналған отқа төзімді костюм өндірісін де қолға алуды жоспарлап отыр.