Инвестициялар

Жыл сайын 77 млрд теңге желге ұшып жатыр. Құс шаруашылығының түйткілдері қандай?

Отандық өндіріс ішкі нарықты қамти алмай отыр

6 қазан күні үкімет отырысында сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отандық құс еті өндірісі ішкі нарықты толық көлемде қамти алмай отырғанын айтты. 

Отандық өндіріс ішкі нарық сұранысының 58 пайызын ғана жаба алып отыр. Өзімізді толық көлемде қамту үшін өндіріс көлемін жылына 171 мың тонна құс етіне дейін жеткізу қажет екен. 

«Құс фабрикаларының қуаттылығы кеңейіп, оған қоса жаңалары салынса, 2023 жылға таман біз бұл тапсырманы толық орындаймыз. Көрсетілген міндет үдесінен шығу үшін жалпы қуаттылығы 285 мың тоннаны құрайтын 19 құс фабрикасы іске қосылуы керек. 70 мың тонна қуатты 6 фабрика биыл, 215 тонна қуатты 13 фабрика 2021-2023 жылдары іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл ішкі нарықты түгел қамтуға жетеді»,– деді Омаров. 

Министрдің айтуынша, егер өндірісті дамытып, сырттан келетін құс етіне шектеу қоя алсақ, онда Қазақстан жыл сайын 77 млрд теңгені үнемдеп қалады. 

Қазір елімізде 24 құс фабрикасы бар. Олар күн сайын 800 тоннадан астам ет өндіреді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеуінше, жыл соңына дейін шаруашылықтың бүкіл категориясы қосылып 300 мың тонна ет бермек. 

Осыған орай Kursiv тілшісі Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповпен сұхбаттасты. Ұйым басшысының айтуынша, құс еті нарығында 2015 жылдан бері тұрақты өсім байқалады. 

«2015 жылы 146 мың тонна құс еті өндірілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 222 мың тоннаға жетті. Құс фабрикаларын модернизациялау, кеңейту және жаңадан салудың арқасында 2027 жылға таман таза ет салмағы 744 мың тонна болатын деңгейге жетеміз. Өндірістің артуы импортты азайтады. 2015 жылы импорт көлемі 55 пайыз болса, 2018 жылы 51 пайызға дейін қысқарды. Ал 2027 жылы әлеуметтік осал топтар үшін 50 мың тонна көлеміндегі импорт сақталады»,– дейді Шәріпов. 

Биыл Алматы облысында «ОтанГринФуд» ЖШС (қуаттылығы – 30 мың тонна), Ақмола облысында «Макинский құс фабрикасы» (50 мың тонна), Жамбыл облысында «Алель Агро» (30 мың тонна), Шымкентте «Шымкент құс» ЖШС (5 мың тонна) фабрикалары іске қосылуға жақын. Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында да фабрика құрылысы қарқынды жүріп жатқан көрінеді. 

Сондай-ақ Руслан Шәріпов құс еті нарығындағы басты проблемалар мен кемшіліктерді де атады. 

«Бірінші проблема – жем. Жем өнімнің өзіндік құнындағы шығынның 70 пайызын құрайды. Айналым қаражатының жеткіліксіз болуынан, жеке егістік алқаптарының, қоймаларының болмауына байланысты республикадағы құс шаруашылықтары өзін жылдық қормен қамтамасыз ете алмайды. Ал астық бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Екіншіден, құс фабрикалары асыл тұқымды ресурс тапшылығын қатты сезініп отыр. Сондықтан фабрикалар асыл тұқымды жұмыртқалар мен бір күндік балапандарды әкелуге мәжбүр. Оған өте көп ақша кетеді. Қазір жалпы құс санының 80 пайызы Ресейден сатып алынып отыр. Үшіншіден, құс шаруашылығы өнімдерін субсидиялау бағдарламасы дұрыс жұмыс істемей отыр. Өңірлерде сала қалдық принципімен субсидиялануда. Осыған байланысты біз сатылған құс өнімдеріне (ет және жұмыртқа) субсидия алмаймыз. Ал субсидия облыстағы салалар бойынша қолайсыз бөлінген. Төртіншіден, отандық шаруашылықтар шетелдік өндірушілермен бәсекелесе алмайды. Өйткені, Қазақстан құрылғы, витамин, ветеринарлық препарат, асыл тұқымды ресурс базасы, премикс (мал азығының биологиялық қоспасы), тағы басқа себептер бойынша импорттық тәуелділік жағдайында. Бесіншісі – әкімшілік барьер. Мәселен, бірінші санаттағы тағамдық жұмыртқаны әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізіп қойған. Ал біз оны ол тізімнен алып тастап, 2-санатқа ауыстырайық деп бірнеше рет ұсыныс жасадық. С1-дің өндірістік үлесі жалпы өндіріс көлемінің 60 пайызына дейін жетеді. С2 30 пайызға дейін жетеді. С1-дің өндірістегі жоғары үлесі жыл бойы бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік бермейді және бизнесті шығынға батырады»,– дейді Шәріпов. 

Сарапшының айтуынша, субсидияның әділ бөлінбеуі, инвестсубсидияның дер кезінде берілмеуі салдарынан фабрикалардың банк алдындағы берешегі артып, шаруалары тұралап жатыр. Яғни, алдымен осы шаруалар шешілмей өндірістің берекесі кірмейді. 

Әзірге бұл салада Қазақстанның бәсекеге қабілетті болуы қиынға соғатын түрі бар. Құс шаруашылығы ұйымының дерегінше, Ресей 2019 жылы өз нарығын 5 млн тонна құс етімен қамтамасыз еткен. (Жан басына 34,3 келі құс етінен келеді) Ал Өзбекстан жылына 170 мың тонна құс етін өндіріп отыр. Дегенмен белсене кіріссек жақсы экспорттық әлеуетке де жете аламыз дейді ұйым басшысы. 

«Қазір Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне тағамдық жұмыртқа сатып отырмыз. 2015 жылы 110 млн жұмыртқа сатсақ, 2019 жылы ол 600 млн-ға жетті. Біздің стратегияға сүйенсек, 2027 жылға таман Қазақстан 150 мың тонна құс етін экспортқа шығаруы тиіс»,- дейді ол. 

Ал соңғы айларда елімізде қатты белең алған құс тұмауы дерті бұл салаға айтарлықтай залалын тигізбеуі тиіс. Осы күнге дейін Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстанда жұмыртқа өндіретін тек 3 фабрика ғана зардап шеккен. 

«Бройлерлік фабрикаларда бәрі жақсы. Өнім тапшылығы жоқ. Тек ауру қатты таралған өңірде ғана өндіріс көлемі азаюы мүмкін. СҚО-да 600 млн дана өндіретін 5 фабрика бар. Ал халық саны – 560 мың адам. Сонда жан басына 1071 жұмыртқадан келіп тұр» дейді ол. 

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, алдағы 2-3 жыл көлемінде Қазақстан бірнеше өніммен өз-өзін толық қамтамасыз етпек. Үкімет дерегінше, агро-өнеркәсіп кешенін қолдаудың барлық шаралары қарастырылған: 16 бағыт бойынша 47 субсидия берілмек. Сонымен қатар несие және салық преференциялары да көзделген. 2020 жылдың 8 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4 пайызға, 54,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды.