Қазақстандық Sagi стартапы 260 мың доллар инвестиция тартты
«Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген қазақстандық стартап 260 мың доллар инвестиция тартты, деп хабарлайды қаржы орталығының баспасөз қызметі.
Sagi стартабына қаржыны Hani желісінің негізін қалаушы Нариман Шақабаев пен алматылық кәсіпкер Ержан Әлмұхамедов салған.
АХҚО Финтех баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, компания тартылған ақшаны желісін кеңейтуге, ел бойынша таратып, өнімді одан әрі дамытуға бағыттайды.
Sagi – бұл әлемнің кез-келген нүктесінен, кез-келген уақытта цифрлы сыйлық пен сыйлық сертификатын жіберуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Қосымшаны пайдалану үшін оған төлем картасын тіркеу керек. Цифрлы сыйлық пен түрлі брендтердің сыйлық сертификатын Whatsapp пен Telegram мессенджерлері, Facebook, Instagram және Tinder желілері мен Sagi қосымшасы арқылы жіберуге болады.
Бұған дейін қазақстандық CTOgram және ToiDriver IT-жобаларының авторлары инвестициялық Seed раундында $200 мың инвестиция тартқанын мәлімдеген болатын. Раундқа бұрын ChocoFamily-ге инвестиция салған инвесторлар, QazAngels бизнес-періштелер клубының мүшелері мен жеке инвесторлар қатысқан.