Халықтың кредиті жыл басынан бері 3,7%-ке өсіп, 6,9 трлн теңгеге дейін жеткен. Бүл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.
Оның ішінде тұтынушылық қарыз 0,6%-ке төмендеп, 4,2 трлн теңгені құраған. Ал ипотекалық қарыздар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен 14,6%-ке артып, 2,0 трлн теңгеге дейін жеткен.
Ал экономикаға салынған кредит биыл тамыздың соңында 2,4%-ке (немесе 328,2 млрд теңгеге) өсіп, 14,2 трлн теңге болған. Ұзақ мерзімді кредиттер 3,1%-ке (372,3 млрд теңге) артып, 12,2 трлн теңгеге дейін өсіпті. Қысқа мерзімді кредиттер керісінше, 2,2%-ке қысқарып, оның көлемі 2,0 трлн теңгені құрады.
Бизнестің несие портфелі жыл басынан бері 1,2%-ке көбейіп, 7,3 трлн теңгеге жеткен.
«Бизнеске берілетін теңгедегі кредиттер бойынша ставка тамыз айында 11,9% (2019 жылғы тамызда 11,9%) болды, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6% (11,6%), ұзақ мерзімді кредиттер бойынша тамыз айында 13,4%-тен 12,8%-ке дейін төмендеді, – деді Ұлттық банк басшысы.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың атына депутаттық сауал жолдап, несие тарихын «нөлге теңестіруді» және қарызын өтеген борышкерлерді банктің қара тізімінен өшіруді ұсынған болатын.
Депутаттың пайымдауынша, бұндай шешім тұрғындарды пайыздық мөшерлемесі өте жоғары қарыз беретін МҚҰ мен ломбардтарға ұрынып қалудан сақтайды.
Сонымен қатар, мәжілісмендер Аманжан Жамалов пен Альберт Рау Заңға шағын қаржы ұйымдар беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету туралы өзгеріс енгізу керек деп бастама көтерген болатын.