Жыл басынан бері бюджет пен квазимемлекеттік қаражатты жымқыру белгісі бар 200-ден аса схема анықталды. Олар бюджеттен 360 млрд теңге қаражат аударған. Бұл туралы көлеңкелі экономикамен күрес бойынша 9 айлық жұмысын қорытындылаған Қаржы мониторингі комитеті мәлімдеді.
Комитет баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу фактілері бойынша 47 қылмыстық іс қозғалыпты.
Прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, жалған шот-фактура жазу мен қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы «STOP-ОБНАЛ» жедел-алдын алу шарасы жүзеге асырылған. Осы шара нәтижесінде жалған шот-фактура жасаумен және қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 60-тан аса қылмыстық топ анықталған. Олар 1 200-ге жуық компания құрған. Бұл компаниялардағы ақша айналымы 2 триллион теңгеге жеткен.
«Мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына қарсы «Barrel» жедел-алдын алу шарасы жүзеге асырылд. Қазіргі таңда еліміздің 5 аумағында осы саладағы фактілер тергеліп жатыр. Бұл бағыттағы «көлеңкелі» қаржы айналымы 25,1 млрд теңгені құрайды», – дейд қаржы мониторингі комитеті.
Сонымен қатар, Stop-Game жедел-алдын алу шарасы аясында заңсыз ойын өткізген 206 орынның қызметі шектеліп, ел аумағында 7 жасырын казино, 30 букмекерлік кеңсе анықталып, жұмысы тоқтатылған. 2660 ойын автоматы, терминалдар мен покер үстелдері тәркіленіпті.
Жасырын ішімдік шығатын 25 жерасты цехы анықталып, заңсыз айналымнан 620 мың бөтелке алкоголь, 140 мың литр спирт және 60 мыңнан астам жалған марка алынды.
Жалған ақша жасаған 185 қылмыстың жолы кесіліп, 2000 астам купюра тәркіленген. Сондай-ақ, Алматы мен Қостанай қалаларында жалған ақша жасайтын 2 жасырын типография жойылған.