Жаңалықтар

Жастар кепілсіз әрі пайызы төмен несие ала алады

Бұл жеңілдетілген несие бизнес бастайтын жастарға берілмек

Павлодар облысында пилоттық жоба ретінде «Zhas-Halyk.Ertis» бағдарламасы басталды. Оның өзге бағдарламалар ұсынып отырған несиелерден артықшылығы – кепілге қояр жылжымайтын мүлік талап етілмейді, жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Аймақтың 30 жасқа дейінгі тұрғындары осы жобаға қатысып, 15 млн теңгеге дейінгі соманы 7 жылға ала алады. 

Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Шоқановтың айтуынша, өтініш осы айдың 26-на дейін қабылданады. Ал 1-2 қараша күндері арнайы құрылған комиссия әр жобаны қарап, үздіктерді іріктеп алады. 

«Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар zhashalyk.kz порталы арқылы өтініш қалдырып, бизнес жобаларын ұсынуы тиіс. Айта кетер жайт, жобаға бөлінген 400 млн теңгенің барлығы – «Halyk Bank» АҚ бөлген қаржы», – дейді Медет Шоқанов. 

Бұл жоба аясында 100-ден астам жас павлодарлықтың өз ісін ашып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік берілмек. Несие кепілге қояр затсыз берілетіндіктен, жобаның жүзеге асу барысы қатаң қадағаланатын болады. Яғни, 15 млн теңгеге дейінгі соманы жиын-той, техникалық, тұрмыстық заттар сатып алу мүмкін емес. Олай болған жағдайда қарыз алушы жастардың несие тарихы бұзылып, енді кредит ала алмайтын «қара тізімге» енеді. 

Егер павлодарлықтар жобаның бірінші легіне қатысуға үлгермей қалса, 1 наурызға дейін тағы құжаттар тапсырып, жобасын ұсынуға мүмкіндігі бар.