Мысырдан келген жолаушы инфекцияның симптомсыз тасымалдаушысы болып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты хабарлады.
19 қазан күні таңертең әйел Шарм-эль-Шэйхтен ПТР тестінен өтпей ұшып келген. Әуежайда бірден қаланың карантиндік стационарына жеткізілді, онда оған қажетті зертханалық талдаулар жасалды. Талдау нәтижелері бойынша пациентте COVID-19 анықталды.
Әдетте, коронавирус инфекциясының барлық симптомсыз тасымалдаушыларын үйде медицина мамандары бақылайды.
Алайда, науқас облыс тұрғыны болып табылғандықтан және оны жедел үй карантиніне оқшаулау мүмкін еместігі ескеріліп, ол елордадағы инфекциялық стационарға жатқызылды.
«Науқас ауруханада толық тексеруден өтіп, 5 күнге дейін болады. Егер клиникалық көріністер пайда бола бастаса, онда оған хаттамаға сәйкес тиісті емдеу тағайындалады», – дейді аурухананың жұқпалы аурулар дәрігері.
Бүгінгі күні қалалық жұқпалы аурулар стационарында КВИ жұқтырған 29 пациент бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін карантиндік стационарда ПТР тестінен өтпеген 2 авиажолаушыдан симптомсыз вирус анықталған. Елордалық дәрігерлердің жедел әрекеттері арқасында халық арасында індет мейлінше аз тарауда.
Биыл 19 қазанда 7 халықаралық рейс қабылданды (БАӘ-ден 2, Түркиядан 2, Белоруссиядан 1, Германиядан 1, Египеттен 1). Келген 769 жолаушыдан COVID-19 тестінен өткендігі туралы анықтама 171 ҚР азаматында болған жоқ. Олардың барлығы карантиндік стационарға жеткізілді.