Көлік жүргізушілерінің басын жиі ауыртатын мәселе – айыппұл. Олар әсіресе, көлігін сатар кезде өзі бұзған «заңсыздықпен» бетпе-бет келіп жатады. Ал кейбірінің төленбеген айыппұлдары жиналып, іс сот орындаушысына дейін жететін кездер де болады.
Алайда қанша жерден заң аясында болса да төлемеуге тиіс айыппұлдар да бар екен. Оны былай түсіндіріп көрейік. 2017 жылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мынадай талап пайда болды:
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешім – айыппұл төлеу қажеттігі туралы бұйрық заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде орындалмаған болса, онда орындалуға жатпайды».
Бұл заңды қысқаша түсіндірсек былай болады:
Әдетте азамат жол-қозғалысы ережесін бұзып, айыппұл арқаласа, сосын оны 7 күн ішінде төлесе – онда айыппұлдың тең жартысын төлей алады. Ал егер айыппұлдың төленбегеніне 40 күннен асып кетсе онда іс ІІМ арнайы бөлімдеріне немесе сот орындаушыларына жіберіледі. Ал олар айыппұл туралы қаулыны ереже бұзған азамат жұмыс істейтін мекемеге жіберуі тиіс. Ондай жағдайда айыппұл азаматтың еңбекқасы, зейнетақысынан ұсталады. Айыппұлды ұстап қалу 6 ай мерзімнен аспайтын уақытта жүзеге асырылады.
Егер ол азамат жұмыс істемесе және айыппұлды өндіріп алу қандай да бір себеппен мүмкін болмаса онда іс сот және тиісті органға жіберіледі.
Егер айыппұл салу туралы бұйрық заңды күшіне енсе, бірақ сот немесе ІІМ арнайы бөлімдері 1 жыл ішінде айыппұл төлетуге міндетті органға тиісті қаулыны жібермесе онда бұл қаулы орындалмайды. Азаматтың айыппұлды төлемеуге толық құқы бар. Тағы бір маңызды деталь – іс туралы азаматқа ресми (мөр басылған қағаз) хабарлануы тиіс.
Ал әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс жасайтын сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен құрылғыларымен тіркелген жағдайда, айыппұл төлеу туралы бұйрық жіберілген сәттен бастап іс қозғалған болып саналады.
Сонымен қатар мерзімі өткен айыппұл бойынша мынаны білген жөн: Егер азамат камераға түсіп қалса, бірақ айыппұл төлеу туралы ескертпе құжат почтаға тек айдан кейін ғана келсе, ондай айыппұлды төлемеуге болады.
2020 жылдың 9 айында тек Алматы қаласының өзінде «Сергек» камерасы арқылы 519 мың жол-қозғалысы тәртібін бұзу жағдайы тіркелген. Жалпы айыппұл сомасы – 3,61 млрд теңгені құраған. Полиция бұл соманың тек тең жартысын ғана төлеткен.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 807 бабына сәйкес, егер ереже бұзу әрекеті камераға түскен болса онда оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылмайды.
Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында көлік жүргізушілерін бақылау күшейе түспек. Қалалық әкімшілік полиция басшысы Елжан Шөпековтың айтуынша, 22 қазаннан бастап тоқтау және тұраққа қою бойынша ереже бұзылғанын анықтайтын жүйе жұмыс істейді.
«Ереже бұзу автоматты түрде «Дозор-М» аппаратты-бағдарламалық кешені арқылы анықталады. Кешен арнайы көлікке орнатылған. Сол көлік көшелермен жүріп тәртіп бұзып тұрған көліктің мемлекеттік нөмірін түсіріп алады. Кешен екі түрлі құқық бұзушылықты анықтайды – жол белгілері немесе белгілермен белгіленген талаптарды бұзу, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 601-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік және 3 АЕК айыппұл (8334 теңге) қарастырылған; Көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік – 597-бап – 5 АЕК. Елордалық жүргізушілер осы заң бұзушылықтарды жиі жасайды»,– дейді Шөпеков.