Қазақстандағы сұйытылған газдың төмен бағасы шетелге көлеңкелі экспортқа ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрлігі Газ және мұнай-химия департаментінің директоры Зияш Қияқбаев айтты.
«Ел сұйытылған газдың шекті көтерме бағасын тоннаға ҚҚС-ты ескере отырып 43345 теңге деңгейінде белгіледі, бұл тек экспорттық бағалардан ғана емес, шекаралас және көрші елдердегі көтерме бағадан да төмен. Мысалы, Ресейдің шекаралас облыстарында – 164 100 теңге / тонна, ал Тәжікстанда – 182 750 теңге / тонна. Қазақстандағы және көршілес елдердегі газ бағасының осындай айтарлықтай айырмашылығы оның көлеңкелі экспортына ықпал етуі мүмкін, бұл өз кезегінде ішкі нарықта тапшылыққа әкелуі мүмкін. Мұндай фактілер 2017 жылы да болған. Энергетика министрлігі уәкілетті органдарға осындай фактілерді анықтау туралы хат жолдады », – деді Қияқбаев.
Оның айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда сұйытылған газ өндірісі 3,2 млн тоннаны құрады және биыл өндіріс сол деңгейде болады деп күтілуде. Ішкі нарыққа жеткізілімдердің бекітілген жоспарлары шеңберінде 2019 жылы тұтыну 1,4 млн тоннаны құрады немесе 2018 жылмен салыстырғанда 18,3% артық. 2020 жылы тұтыну болжамы 1,5 млн тонна деңгейінде күтілуде.