Халық қашанға дейін қымбат азық-түлік сатып алмақ? Министрлік пен департамент жауап берді
Қазақстанда жыл басынан бері азық-түлік бағасы біршама қымбаттаған. Атап айтқанда, 19 түрлі негізгі азық-түлік түрі бойынша баға 109,3 пайызға өсіпті. Мұндай деректі Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы келтіреді.
«Былтыр бұл көрсеткіш 2,2 пайызға аз болған. Бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие. Дәстүр бойынша, бұл қаңтардан бастап сәуірге дейін байқалады. Мамыр айынан бастап, сөреге жаңа өнім түсуімен баға төмендейді. Сондай-ақ, бағада өндірушінің шикізатқа, буып-түю материалдарына, тасымалға кеткен шығыны көрсетіледі, оған қоса жоғары үстеме баға белгілейтін делдалдар да әсер етеді»,– дейді басқарма басшысы Гүлмира Ермолдина.
Шенеуніктің айтуынша, бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
«Айналым механизмі» бойынша 20 мың тонна өнімге келісімшарт жасалды. 7 субъектімен («Айқын Сапа», «Мир круп», «Магнум», «Акмол», «Туркуаз», «Вермакс», «АА Агро») келісімшартқа қол қойылып, 3,6 млрд теңге несие бөлінді. Бұл ірі сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тіркелген баға бойынша сатуға мүмкіндік береді»,– деді спикер.
Желтоқсан айынан бастап 2021 жылдың мамыр айына дейін картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, келесі жылдың сәуіріне дейін күріш, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майының бағасы бекітілген. 2021 жылдың соңына дейін азық-түліктің тағы 10 түріне баға тұрақты қойылмақ. Оның ішінде сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, құс еті, макарон өнімі бар.
«Баға көтерілген жағдайда, тұрақтандыру қорынан жедел тауар интервенцияланады. Қазір 6 сауда объектісінде («Магнум», «Астықжан», «ВкусМарт», «Ақмол», «Шапағат» және «Смолл») қант интервенциясы келісіне 220 теңгеден аспайтын бағада жүргізіледі. Ал нан бағасын тұрақтандыру бойынша отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн теңге бөлінді. Бұл ұн қыркүйек айында келесі егін жиналғанға дейін жеткілікті»,– деді Ермолдина.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің хабарлауынша, қазір нарықта бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп жатыр екен. Жоба аясында биржалық сауданы дамыту, баға белгілеудің жаңа құралы ретінде биржа индикаторлары тетігін қалыптастыру, мемлекеттік қолдау жүйесін шағын, орта бизнеске қайта бағдарлау қарастырылған.
«Баға саясатына байланысты комплаенсті (ішкі бақылау) әзірлеу туралы ұсыныс ірі сауда желілеріне де жіберілді. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға және монополияға қарсы органның ақпараттық ашықтық деңгейін сапалы өзгертуге бағытталған монополияға қарсы органның ашықтығы туралы декларация жарияланды. Атап айтқанда, мәселелерді ашық, бірлесіп талқылау мен қарауды көздейтін «Open Space» атты коммуникациялардың жаңа құралы енгізілді»,– деді Әсемгүл Нұрмағанбетова.
Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Ерлан Ешназаровтың айтуынша, көктем мен жазда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жалпы төмендеуі 1,3 пайызды құраған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша мамырдан қыркүйекке дейін баға төмендеді. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша бағалар 4,2 пайызға өсті. Бизнес субъектілері басқа тауарларға бағаны өздері белгілейді. Бірақ бірқатар шаралар қабылдануда. Оның ішіндегі тиімділердің бірі – өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру. 1 қазандағы жағдай бойынша, оларда 25 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұдан басқа, тағы 30 мың тонна азық-түлікке «форвардтық шарттар» жасалды. Тұрақтандыру қорлары 2019 жылдан бастап сатып алу және сату бойынша еркін әрекет ете алады және бүгінгі күні бұл бағаны ұстап тұрудың ең тиімді құралдарының біріне айналды. Екінші құрал – кәсіпкерлік және сауда субъектілеріне «айналым схемасы» деп аталатын жеңілдетілген несиелер беру. Бүкіл Қазақстан бойынша оны іске асыру үшін 14 млрд теңгеден астам қаражат берілді»,– деп атап өтті ведомство өкілі.
Абай Аймағамбет