Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаевқа костюм-шалбар тігіп беретін кәсіпкер бизнес құпиясын жария етті

Тігін фабрикасы толығымен ерлер киімін тігуге арналған

Жеңіл өнеркәсіп туралы айтқанда, экономикадағы  аса маңызды саланы дамытқан АҚШ,  Италия, Қытай, Түркия сияқты елдердің, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстанның табыстарына қызығамыз. Дегенмен. елімізде де жеңіл өнеркәсіпті қолға алып, отандық брендті қалыптастырып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – «Jeff Tailor» тігін үйінің басшысы Талап Қожаназаров бізге берген сұхбатында тігін үйінің ерекшелігі, сән әлеміндегі ер азаматтардың орыны және тұтынушылары жайлы айтып берді. 

0B5A1496.jpg

– Талап Рүстенұлы, жеке кәсібіңізді ашуға не түрткі болды?

– Үлкен әпкеміз Алматы қаласында тұрмысқа шығып, ол кісінің жұбайы 2002 жылы кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Жеке аяқ киім сататын дүкені бар еді. Соны көріп, қызығушылық әрі талпыныс пайда болды. Содан бастап тек қана жеке кәсіпкерлікке бет бұруға талпындым. 

– Неліктен бизнестің жеңіл өнеркәсіп, тігін саласын таңдап алдыңыз?

– Негізі мен қазір кәсіптің үш саласын қатар игеріп, жүргізіп жатырмын. Оның алғашқысы – ауыр темір өнеркәсібі. Екіншісі – фармацевтика, яғни, дәрі-дәрмек сататын дәріханалар желісі. Сонымен қатар, консалтингтік кеңес беру қызметтерін де жүргізіп келеміз. Төртінші саламыз – осы жеңіл өнеркәсіп. Жеңіл өнеркәсіпке таңдауымның түскен себебі де қызық. Өйткені өзімнің бойым мен дене бітіміме байланысты киім таңдау көптеген қиындықтар туғызатын. Дүкеннен киім іздеген кезде, шалбарды басқа жерден алсам, костюмді басқа жерден алып, әуреге түсетін едім. Содан екі-үш жыл бұрын Қазақстандағы арнайы киім тігетін тігін үйлерді іздей бастадым. Сол кезде осы «Jeff Tailor» мекемесіне көзім түсті. Өзім осы компанияның тұтынушысы болып, бірнеше рет киім тіктіргенмін. Мен бұл компанияның әлеуметтік желілерде қалай өскенін бақылап жүретінмін. Сосын былтыр жаз айында Нұр-Сұлтан қаласына жол сапармен келгенімде осы кәсіпорынның сатылатыны жайында естіп, келіссөздер жүргізіп, сатып алуға бел будым. 

– Киімдеріңіздің сапасы қалай және өзге өндіріс орындарынан ерекшелігі неде?

– Jeff Tailor – шеберлік пен кәсібиліктің орталығы. Мұнда өз қалауыңыздағы стильден бастап киіміңіздің әр ұсақ-түйегі, үлгісі мен түймесіне дейін таңдай аласыз. Тапсырыс берушінің өлшемін бірнеше рет өлшеп, әр адамның дене пішінінің ерекшелігін де назарға алады. Өз келушілеріне Jeff Tailor Италия, Сингапур мен Англиядан тасымалданатын 17 мыңнан астам сапалы маталарды ұсынады. Ал шеберлер ойыңыздың толық жүзеге асуы үшін барын салады. Тігін фабрикасы толығымен ерлер киімін тігуге арналған. Онда барлық технологиялық үдеріске қажетті заманауи озық жабдықтар қойылған. Егер ерлерге арналған киім іздесеңіз сізді біздің жылы шырайлы қызметкерлер күлімдеп қарсы алады. Қай жақтың өнімін іздедіңіз, қайсысы жарасады? Талғамыңызға сай бәрі бар. Сапасына қарай бағалары да әртүрлі. Компаниямыздың басты ерекшелігі – нақты осы сегментте тігілетін ер адамдар классикалық киімінің сапасы жағынан Қазақстанда аналогы жоқтығы. Бұдан бөлек нағыз отандық өнім, нағыз қазақ азаматтары жасап жатқан дүние екендігі де біздің артықшылық. Тұрақты тұтынушыларымыздың көбі – бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер, танымал тұлғалар. Осы жыл басталмас бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да екі костюм-шалбар тіктік. 

1472008865203.png.jpg

– Шеберханада қанша адам жұмыс істейді? 

– Төрт шеберіміз бар. Былтыр қараша айында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында филиалымызды аштық. Сол жақтағы жергілікті шеберлердің кәсібін шыңдау мақсатында екі шеберімізді сонда жібердік. 

– Өнімдеріңіздің нарықтағы бағасы қанша?

– Нарықтағы бағасы 180 мыңнан басталады. Орташа костюм-шалбар бағасы 250 мың шамасында. Бағасы костюмнің құрылымына байланысты. Әр адамның тапсырысы әр түрлі. Кейбірі алтын жалатылған жіппен тіктіргісі келуі мүмкін. Яғни, материал құрылымы күрделене түскен сайын бағасы да арта түседі. 

– Жалпы, қазіргі көп тұтынушыларға дүкендерге барып дайын өнімді сатып алған ыңғайлы секілді көрінеді. Арнайы тіктірудің қандай артықшылығы бар?

– Мысалы, шет елден келетін дүкендердегі дайын өнімдер – белгілі бір өлшеммен ғана стандартты тігілген киімдер. Біздің азиялық ер азаматтардың дене бітімі біртекті емес. Мысалы, өзім жайлы айтсам, бойым 186 см, менің өлшемім – 56. Ол өлшемді киген кезде оның жеңі мен үшін қысқа болады да шалбары тым үлкен болады. Сондықтан маған не шалбарды өзгерту керек немесе қысқа жеңді кастюмді кию керек. Сол секілді әр адамның өзіндік ерекшелігі болады. Сонымен қатар, арнайы тіктірілетін киімдердің бір артықшылығы – адамның кем-кетіктерін жасырады. Яғни,мамандар денесі үлкен, толық кісілерге бөлек, бойы қысқа адамдарға бөлек жеке-жеке кеңес беріп, жұмыс істейміз. Сосын әр түрлі жағдайларға байланысты денесіне зақым келген жандар болады. Мысалы, жол апатына түсіп иығына, беліне ақау келтірген жандардың талап-тілектерін ескере отырып, киім тігеміз.

1472008635319.png — копия.jpg

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
 
– Алдағы уақытта Мәскеу қаласында филиалымызды ашсақ деген жоспарымыз бар. Бүгінде сондағы серіктестерімізбен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, тек ерлер киімі ғана емес, әйелдерге де арналған киім тігуді қолға алсақ деген ойымыз бар. 

– Рақмет!