2021 жылы 16 жаңа заң жобасы әзірленеді
Үкімет 2021 жылы 16 жаңа заң жобасы әзірлейді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарын таныстырды.
Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген және 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді.
«Олар сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеуге, биржалық сауда, көлік, жер қатынастары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау қызметі, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, волонтерлер қызметі және қайырымдылық, инновациялық және ғылыми-техникалық даму, биологиялық қауіпсіздік және басқада салаларды одан әрі дамытуға бағытталған», – деді министр.
2021 жылы үш жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Олар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы», «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобалары. Сондай-ақ алдағы жылы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын екі заң жобасы Парламентке енгізіледі.
Олар «Қазақстан Республикасының биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.
Жоспар жобасында көзделген 19 заң жобаның ішінен Парламентке 2021 жылдың І жартыжылдығында бес, ал ІІ жартыжылдығында 14 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес Жоспар жобасы Мемлекет басшысымен келісілуі тиіс. Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу ұсынылады.