Ведомство аралық комиссия ұзақ уақыт жабық тұрған кинотеатрлардың жұмысына рұқсат бергенімен, олар тек екі қалада – Ақтау мен Атырауда ашылған. Бұл туралы «Курсивке» Кинотеатр иелері қауымдастығының басшысы Мунира Ягудина хабарлады.
«Қазіргі кезде тек Ақтау мен Атыраудағы кинотеарлар ашылды. Әзірге бұдан басқа мәлімет жоқ», – деді Ягудина.
«Өзге қалалар мен өңірлердегі коинотеатрлар неге жабық» деген сауалға қауымдастық басшысы: «өйткені әлі рұқсат берілген жоқ» деп жауап берді.
Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясының PR-директоры Ерлан Бұқарбаев кинотеатрлар желісінің тек Атырау мен мен Ақтау қаласындағы кинозалы ашылғанын растады.
Осы ретте санитарлық талаптарды сақтау қажеттігі ( талап бойынша, тек 30 пайыз орынға билет сатылуы керек) билет бағасына қалай әсер етті деген сауалға жауап берген Бұқарбаев оның 1,5-3 мың теңге аралығында екенін айтады.
«Бұл сол карантинге дейінгі бағалар, билет қымбаттамады», – деді ол.
Десе де «Жалын» кинотеатрлар желісінің иесі (Маңғыстау облысы) Данияр Айса билік рұқсат берсе де, кинотеатрын ашуға асықпай отырғанын айтады.
«Қазіргі жағдайда жұмыс істеу тиімсіз. Ашылсақ, аренде мен прокат ақысын толық төлей алмай, қарызға кіріп кетеміз (Кинозал тек 30 пайызға толады),– деп түсіндірді ол өз шешімін. – Табыс таппасақ та жұмыс істеуге дайын болғанымызбен, шығынға батқымыз келмейді. Жұмысты қайта бастау үшін, кинозалдың ең құрығанда 50 пайызы толуы керек».
Бұл ретте Ерлан Бұқарбаев Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы, өзге өңірлердегі кинотеатрлар ашылуға дайын отырғанын айтады.
«Олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды толық орындауға әзір. Елімізде базар мен сауда үйлері ашық, ұшақтар ұшып жатыр, ал кинотеатрлардың жұмысына рұқсат жоқ. Осы жағы қызық болып тұр», – дейді Kinopark-Kinoplexx өкілі.
Айта кетейік, 19 қазан күні премьер-министр Асқар Маминның төрағалығымен өткен отырыста ведомство аралық комиссия кинотеатрлардың қайта ашылуына рұқсат берген еді. Жұмысын қайта бастайтын кинотеарлар билеттің тек 30 пайызын сатып, барлық санитарлық талаптарды орындауы шарт.