Ішкі рейспен ұшатын жолаушылардан COVID-19 анықтамасы талап етіле ме? Әуе байланысына қатысты қандай ережелер өзгерді?

Жарияланды
5 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа тексерілмейді

Елімізде коронавирус жұқтыру деңгейі қайта өсе бастады. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясына шалдығудың 142 дерегі тіркелген.  Осыған байланысты әуежайларда жаңа тәртіп пен шектеу шаралары енгізілді. 

Қазақстанда ПТР-ге қатысты шектеу шаралары қабылданды. Сол уақыттан бері шет мемлекеттерден Қазақстанға 44 834 жолаушы ұшып келген. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, 45 мыңға жуық жолаушының 80 пайызы COVID-19 анықтамасымен келсе, 7540 адамда мұндай анықтама болмай шыққан. 

«Олар ПТР тесттерін тапсыру үшін ауруханаларға екі күндік карантинге орналастырылды. Оның ішінде 39 сырттан келген жағдай анықталды. Яғни, 426 халықаралық әуе рейстерінің 19-да КВИ бар жолаушылар болды. Олардың жанында байланыста болғандар саны 413 адам және 44 бортсерік. Мониторинг нәтижелері бойынша контактілерде де, бортсеріктерде де COVID-19 анықталған жоқ. Айта кетейік, екі күндік карантин Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қарағанды қалаларында орналастырылады»,- деді бас санитар дәрігер. 

Ал ПТР анықтамасы жоқ шетел азаматтарын елге кіргізбеу туралы тәртіпке сәйкес 32 жолаушы кері қайтарылған. Олар – Ресей, Украина, Беларусь, Түркия, Ұлыбритания және Германия азаматтары екен. Ал ішкі рейстер бойынша жолаушылардан COVID-19 анықтамасы талап етілмейді. 

«Олар әуежайларда қатынассыз термометриядан өтеді. Нұр-Сұлтанда әуежайда 19 стационарлық тепловизор орнатылған, оның төртеуі халықаралық рейстер келетін жерде болса, қалған 15-сі барлық кіріп-шығатын жерлерде және ішкі рейстерден келетін секторларда орналасқан. Егер жолаушының дене қызуы жоғары болса, ол алгоритм бойынша қадағаланып отырады»,- деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті санитарлық-карантиндік пункттерінің басшысы Дария Әзімбаева. 

Ал сырттан келетін жолаушылар үшін COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген анықтама қағазының болуы міндетті. Сонымен қатар, шетелден келген азаматтар термометриядан және сауалнамадан өтеді. Дария Әзімбаеваның атап өтуінше, халықаралық әуе рейстерінде 5 жасқа дейінгі балалардың анықтамасы тексерілмейді.

«Түркия, БАӘ 5 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа тексерілмейді. Сондықтан еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына толықтырулар енгізілді. Егер ата-аналарда COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болса, 5 жасқа дейінгі балаларды анықтамасыз жіберуге рұқсат етілді. Бұл ретте анықтама берілген уақыттан бастап үш күнге дейін жарамды болады»,- деді Әзімбаева. 

Сәдуақас Байғабыловтың сөзінше, 27 қазаннан бастап ПТР анықтамасынсыз немесе үш тәуліктен астам мерзімде келетін шетелдіктер ұшып шыққан еліне қайтарылады. Мұндай жолаушыларды бортқа қабылдайтын әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1600 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ. 

Премьер-министр Асқар Мамин де индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ПТР анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа кіргізбеу туралы тапсырма берген еді. 

Ал 27 қазан күні Үкіметтің баспасөз қызметі шетелде жүрген қазақстандықтардың ПТР анықтамасынсыз Қазақстанға ұшып келе алатынын хабарлады. 

«Шетелде жүрген ҚР азаматының отанына оралу үшін әуе рейсіне ПТР анықтамасынсыз отыруға құқығы бар. Келгеннен кейін ол азамат тест нәтижесі шыққанша карантинге жатқызылады»,- делінген хабарламада. 

  

 
Сондай-ақ оқыңыз