«Қазфосфат» өнім экспортын ұлғайтты
Қазақстандық химия өнеркәсібінің көшбасшысы «Қазфосфат» ЖШС пандемияға байланысты сын-тегеуріндерге және жоғары бәсекелестікке қарамастан, құрамында фосфор бар өнімдердің әлемдік нарығындағы өз жағдайын нығайтуда. Кәсіпорын әлемнің 26 еліне дайын өнімді экспорттайды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрамында фосфор бар қазақстандық өнімдерді импорттаушы елдердің географиясы келесі мемлекеттерді қамтиды: Әзірбайжан, Ауғанстан, Беларусь, Доминикан Республикасы, Венгрия, Германия, Дания, Үндістан, Испания, Кипр, Қытай, Қырғызстан, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, сондай-ақ Жапония.
Негізгі өндірістік қуаттар Жамбыл облысында шоғырланған. Кәсіпорын өз өңдеуіне арналған фосфориттерді, сары фосфорды, фосқышқылды, натрий триполифосфатын, фосфорлы-калийлі тыңайтқыштарды, аммофос пен азықтық трикальцийфосфатты қоса алғанда, құрамында әр түрлі фосфор бар өнімдердің 22 атауын өндіреді.
Компанияның өнімдері әртүрлі салаларда кеңінен қолданылады: мысалы, сары фосфор және оның өңделген өнімдері өсімдіктерді қорғау құралдарын, инсектицидтерді, өрт сөндіру құралдарын, пластификаторларды, металл беттерін және жартылай өткізгіштерді өңдеуге арналған құралдарды өндіруде қолданылады. Сонымен қатар, өнімдер тағамдық қоспаларда (фосфор қышқылының тұздары), жуғыш заттар мен жеке гигиена құралдарында, ауыл шаруашылығындағы тыңайтқыштарда, жануарлар мен құс шаруашылығындағы жемшөп фосфаттарында қолданылады.
Компания мемлекеттік қолдау шараларының арқасында дағдарысқа қарсы жұмыс қарқыны мен экспорт көлемін сақтай алды. Кәсіпорын дайын өнімді экспорттаушы ретінде ұлттық валютадағы қарыздарды ұсыну және пайыздарды субсидиялау арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Мысалы, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы аясында 2015 жылы экспорт алдындағы операция үшін шикізат, материалдар мен қызметтерді сатып алуға несие желісін ашты. Бұл желінің мерзімі 2020 жылдың тамызында аяқталды. Бүгінгі таңда 2023 жылға дейінгі жаңа мерзімге несие желісін ашу туралы келісімге қол қойылды.
Айта кету керек, бұл компания үшін ҚДБ-мен алғашқы ынтымақтастық емес, бұған дейін Банк банкаралық кредиттеу шеңберінде экстракциялық фосфор қышқылын өндіру цехын реконструкциялау үшін 5 млрд теңге бөлді, бұл фосфор тыңайтқыштарын өндіру мен сату көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта өндіріс қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға дейін құрайды.
Кәсіпорын тыңайтқыштар өндірісін екі кезеңде ұлғайтып, жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар үнемі жүргізілуде. Қазірдің өзінде жылына 500 мың тонна минералдық тыңайтқыштар өндірісінің екінші кезегінің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта экспортты арттырудан басқа, кәсіпорын экологиялық қауіпсіздік пен кадр саясатына баса назар аударады. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында алты мыңнан астам білікті қызметкер жұмыс істейді.
Компанияда экологиялық қауіпсіздік саласындағы саясат бар, ол экологиялық қауіпсіздікті арттыруды, сонымен қатар қызметкерлер мен серіктестер арасында экологиялық білімді дамытуды көздейді. Компания басшылығы үшін қызметкерлердің қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ өнімді экологиялық пайдалану саласындағы біліктілігін дамыту аса маңызды.
Қазіргі кезде Қазфосфаттың өндірістік қуаттарының айналасында ауданы 56,6 га санитариялық-қорғаныш аймағы жайластырылған, онда 5 жыл ішінде 20 мыңнан астам ағаш пен 10 мыңға жуық бұта отырғызылған. Бұл жасыл аймақ халықты зиянды өндірістік факторлардың әсерінен, атап айтқанда, шаң-газ шығарындылары мен шуды азайтудан қорғайды.