«Самұрық-Қазына» қоры инвестициялық холдингке айналуы мүмкін

Жарияланды
9 айда қор 436 млрд теңге таза табыс тапқан

«Самұрық-Қазына» қорының есептік кезеңдегі таза табысы 436 млрд теңгеге жеткен. Бұл жоспарланған 167 млрд теңгеден 2,6 есе артық. Биыл акционер – ҚР Үкіметіне 120 млрд теңге дивиденд төленген, бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есе артық. Бүгін Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» компаниялар тобының 9 айдағы жұмысының қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорда. 

Сонымен қатар қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы ұсынылды.

Басқарма басшысы Ахметжан Есімовтың айтуынша қорды инвестициялық холдинге айналдырудың бірқатар артықшылығы бар.

«Бұл портфельді активтердің география және салар бойынша әртараптандыруға, халықаралық инвестициялардан түсетін табысын арттыруға, дивидендтердің есебінен бюджет түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Есімов. 

«Самұрық-Қазына» басшысы Қор сатып алулар жүйесі арқылы ел экономикасын қолдауға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қордың сатып алулар жүйесіндегі жергілікті өнім үлесі 66% құрады. Бәсекелестік ортаға 819 млрд теңгеге сатып алулар шығарылған. Бизнестің 17 000 субъектісі Қордың сатып алуларына қатысуға мүмкіндік алды. 2020 жылдың басынан бері компаниялар тобы 2,4 трлн теңгеге отандық бизнеспен шарттар жасасып, жергілікті кәсіпорындарға 12 мың тапсырыс берілген. Аталған кәсіпорындарда 280 мың адам жұмыс істейді. Есеп бойынша мемлекеттік бюджетке 170 млрд теңге көлемінде салық төлемдері түсуі тиіс.

Мемлекет басшысына Жолдаудағы тапсырмаларға сәйкес, Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасы жалғаса беретіні туралы  хабарланды. Бұл ретте, Қор мемлекеттік және жеке меншік мүдделер арасындағы тепе теңдікті қамтамасыз ету мақсатында ірі және стратегиялық компаниялардағы үлесін 51 және одан да көп пайызын бақылауды сақтап қалады.

Сондай-ақ оқыңыз