Жаңалықтар

Талдықорғанда «Хан Тәңірі» театры өнер көрсетпек

Театрда «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жаңаша сипатта сахналайды

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында Райымбек ауданының «Хан тәңірі» театры сахналаған М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық сазды драмасының премьерасына арналған пресс-конференция өтті. Бұл туралы Талдықорған драма театрының баспасөз қызметі хабарлайды.

Аталмыш іс-шараға қоюшы-режиссер Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев, ҚР Халық артисі – Тұңғышбай Жаманқұлов пен Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов қатысады.

Модератор – Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Көлбав Марлен Қапашұлы.

Б.Римова атындағы Талдықорған театрында сахнасында Райымбек ауданы, «Хан Тәңірі» театрының шымылдығы қайта ашылмақ. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы иісі қазақ түгел білетін шығарма.

 «Хан тәңірі» театры аталмыш шығарманы басқа қырынан көрсетіп, жаңаша сипатта сахналайды. Қойылым адамзаттың сан түрлі ағымдарға қосылып, адасып бара жатқандығын, табиғатқа жасаған аяусыз қиянатын айқын суреттейді. Сол орайда Қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітановтың бейнелері қауышып, қойылымды ерекшелендіре түседі.