Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.
Мемлекет басшысы ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.
«Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын», – деді Президент.
Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын негізге алу керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек.
«Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді.
Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елордалық полиция департаментіне жаңа ғимарат салу мәселесін тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.
Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.