Екібастұз қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің мамандары қолда бар заттардан шағын трактор құрастырды. Идея авторы – өрт сөндіру бөлімінің бастығы Серік Раскелдинов. Өрт сөндіруші Әділет Мұхтар мен жүргізуші Тілек Мейрамғалиев осы ойды жүзеге асырып, аз уақыт ішінде МТ-13 маркалы шағын трактор құрастырған.
«Бұл техника істен шыққан, қажетcіз заттардан құрастырылды. Мысалы, тракторы орындығы ретінде ескі кресло пайдаланылды. Қызметкерлер бөлшек жинау, дәнекерлеу жұмысымен өздері айналысты», – дейді бөлім бастығының орынбасары Дархан Қабылтаев.
Өрт сөндірушілер өз өнертабысын Азаматтық қорғаныс қызметінің 25 жылдығына арнап, оны «Тұлпар» деп атады. Бұл трактормен бөлім аумағының қарын тазалайды.