Еліміздегі жол оқиғаларының 30 %-ы жылдамдықты асыру салдарынан болады
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Бас директоры Замир Сағынов Қазақстанда жол жүру мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Бұл туралы Қр индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Оның сөзінше, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда 10,4 өлім тіркелген екен. Осыдан үш жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген ақпармен салыстырғанда, көрсеткіш 41%-ға төмендеген.
Елімізде жаяу жүргіншіге қатысты туындайтын жол көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Ол 42% көрсеткішпен көш бастап тұр. Жол апатының 30 %-ы жылдамдықты асыру салдарынан орын алуда. Мал басып кету дерегі бойынша, соңғы бір жылда 104 жол апаты орын алған екен. Салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 қазақстандық қайтыс болыпты.
Женевада өткен «Жол қауіпсіздігі жаһандық ынтымақтастығы» конференциясында қабылданған «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» нұсқаулығына сәйкес, жылдамдық сағатына 10 шақырымға қысқарса, адам шығынымен аяқталатын жол-көлік оқиғалары 37%-ға кемитін көрінеді.
Осы мәселелерді егжей-тегжейлі зерттей келе «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бірнеше ұсыныс енгізбек:
• Апат жиі орын алатын учаскілерде тіркеу камераларын орнатып, Әкімшілік полиция комитетінің дерекқорымен біріктіру.
• Автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты анықтау тәсілін енгізу.
• Үй жануарларымен болған ЖКО кезіндегі мәселені заңды негізде нақты механизмдерді бекіту.
• Қазақстан азаматтарына жол қателікті кешірмейтінін түсіндіретін насихат жұмыстарын жиелету керек