Қазақстан корей инвесторларына арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір

Жарияланды
Мемлекет басшысы Солтүстік экономикалық ынтымақтастық халықаралық форумында бейне ұндеу жасады

Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл жөніге Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік экономикалық ынтымақтастық – 2020 Халықаралық форумында жасаған бейне үндеуінде айтты. «COVID-19-дан кейінгі жаһандық өзгерістер және солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбындағы шара бүгін Сеул қаласында басталды, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Ин бастамашы болған және соңғы үш жылдың ішінде өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін дәлелдеген «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясын жоғары бағалап, Оңтүстік Корея басшысының өркендеген, өзара байланысы мығым және тұрақты Еуразия құру көреген идеясын құптады.

Қазақстан Президентінің пікірінше, қазіргідей әлем коронавирус пандемиясының теңдессіз тегеуріндеріне тап болған кезде саяси жігер мен экономикалық сана синергиясы ерекше мәнге ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарға, өзара қолдау мен тығыз байланыстарға негізделгенін айта келе, елімізде өмір сүріп жатқан, достықтың «алтын көпірі» саналатын жүз мың корей қауымдастығының екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесін атап өтті.

– Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте, өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар, – деді Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті 2019 жылдың сәуір айында Мун Чжэ Иннің елімізге жасаған тарихи сапары екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа белесін ашты деп санайды. Сапар аясында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы қазақ-корей экономикалық, сауда және мәдени жан-жақты байланыстарды жандандыруға бағытталған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Самал жел» бағдарламасы мен «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясы «Цифрлы Қазақстан», «Нұрлы жол» секілді ұлттық бағдарламаларда белгіленген стратегиялық міндеттерге сәйкес келетінін айтты.

Мемлекет басшысы әлемдегі ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын айтып, Қазақстан үшін әртараптандырылған және тұрақты экономика құрудың ерекше маңызды екенін атап өтті.

– Осыған байланысты мен Жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте, салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады, –  деді Президент.

Мемлекет басшысы ағылшын құқығы бойынша қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін де сөз етті. Президент бұл орталықтың шетелдік бизнеске арналған экожүйесінің бірегейлігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз