«Жалақы қашан түседі?» деп тағаттанып күтіп жүрсіз. Әлі бір аптадай уақыт бар. Қалтаға қол салып не смартфондағы мобайл банкті аша қалсаңыз, ішінде тиын қалыпты ма? Былай тартсаң, былай жетпейтін сома қалғанда не істеуге болады? Сізге айтар бірнеше кеңесіміз бар. Бәлкім, біреуі болмаса біреуі кәдеңізге жарап қалар. Одан қалса, досыңызға ақыл айтып қалудың бір амалын осы материалдан тауып қалуыңыз да бек мүмкін. Ендеше, айлыққа дейін аптаны қалай өткізу керек?
Бюджетіңізді дұрыстап есептеп, қанша қалғанын анықтаңыз
Ол үшін әрине алдымен картаңызда не әмияныңызда қанша қалғанын қарайсыз. Дегенмен кейде «тыққан-пыққан» ақшаның да жүріп қалатын кездері болады. Әсіресе, қалтада көк тиын жоқ боп қалғанда тіміскіленіп, әр киімді ақтарып, үміттенетініміз бар. Бұл — өте жақсы әдет. Өйткені расында бұрын дүкенге кіргенде берген қалдық, бірнеше ай бұрын киген сырт киімнің қалтасындағы қағаз ақша қалып кетуі мүмкін. Одан бөлек, терезенің алды, тартпалардың ішін де қарап көрген артық болмайды. Кезінде менсінбей, ысырып қоя салған тиын-тебеннің бүгін құны өсіп, көзге түсуі ғажап емес. Ал енді әр жерді іздеп жүріп тапқан ақшаңызды бірден құртып тастамай, үнемдеуге тырысқаныңыз жөн. Дүкенге кіргенде нақты керегін, таксимен емес, автобуспен, тіпті болмаса жаяу жүріп дегендей үнемдеу тәсілдерін есте ұстаңыз.
Жол жүріске кететін шығынды да реттеңіз
Жоғарыда айтқандай, жол шығынының рөлі маңызды. Ақша таусылды екен деп жұмыстан сізді ешкім босата қоймас. Шәкіртақысы бітіп қалды екен деп оқымай-ақ қой демейді. Әлбетте, пандемияға байланысты жарияланған карантиннің жөні бөлек. Қазақстанның экономикалық жағдайына, әр азаматтың экономикалық ахуалына онлайн режим біраз үнем болып жатқаны рас. Десек те, жалпы жолға кететін шығынды оңтайландыруға болады. Мысалы жұмыс орныңыз бен үйіңіздің арасы 4-5 шақырым делік. Күннің райы да керемет. Ендеше, жаяу жүруге еш қиындық та, кедергі де жоқ. Жаяу жүріспен, ой жинақтап, «жалақыны қалай бөлемін, осы айда не істеймін» дегендей пайдалы дүниелерді ойға алып, үйге жаяу барыңыз. Қалтаға күш салмайтынынан бөлек, денсаулыққа да пайдалы. Әбден кеңседе мойын мен омыртқаны ауыртып болсаңыз, сізге жаян жүріс тіпті қажет.
Ал егер көлігіңіз болса, шығынды есептеп көріңіз. Оған құятын бензинге ақшаңыз бар ма? Егер қаражатты сәл қысыңқырау керек болса, бір апта қоғамдық көлікке мінсеңіз, тағыңыздан айырыла қоймайсыз. Әрі жанармайдан бөлек шығындардан да құтыласыз. Яғни майын ауыстыру, автотұраққа ақша төлеу және т.б бір аптаға ұмытасыз. Тіпті келеңсіз жағдайлардан да ада болуға жақсы мүмкіндік туып отыр.
Тағы бір нұсқа: әріптестің көмегіне жүгіну. Айталық, жұмыстасыңыздың жеке көлігі бар. Қалтада ақша аз қалса, бір аптадай сапарлас болуға сұранып көріңіз. Әрине сіздің тарапаңыздан тәртіпті жолаушы болу міндеті сұралады. Яғни кешікпейтін, бос әңгімемен басын ауыртпайтын адам болуыңыз қажет.
Тоңазытқышқа жақсылап көз салыңыз
«Үйде жейтін дым жоқ» дейміз. Бірақ ол дегеніміз шынында үйде жейтін дым жоғын білдіре бермейді. Өйткені жоқ дегенде бір-екі жұмыртқа, екі-үш пияз, бір-бір тілім ірімшік не шұжық табылуы мүмкін. Асүйдегі сөрелерді ақтарсаңыз, печенье, кәмпит де шығып қалады. Бастысы, асқазанды алдай тұратын зат 80 пайыз жағдайда табылуы ықтимал. Әрине, егер тым пысық боп бәрін уақытында босатып, лақтырып тастайтын болмасаңыз. Сондай болған күннің өзінде бір тексеріп шығыңыз. Қалтадан кездейсоқта табылатын ақша сияқты тартпалар мен сөрелерде де неше түрін көзіңіз шалуы мүмкін. Тағы бір ескерту: қомағайланып бәрін бірден жеп қоймаңыз. Айлыққа дейін әлі бір апта бар. Ескеріңіз.
Арзандау азық-түлік алуға болады
Әрине, айлық түскен кезде бәріміз «баймыз». Аяқ-асты анау-мынауды жемейтін, талғампаз боп шыға келеміз. Әйтсе де, кейде айдың соңына дейін сөлі шыққан лимондай болып қаламыз. Ондайда дүкенде арзандау не барына қарауға тура келеді. Мысалы, сүттің 6 пайызынан гөрі 3,2 пайыздығы арзандау. Тіпті одан да арзан, майлылығы аз түрлері бар. Әрі кетсе, шәйдің түсі сәл қызыл болар. Бірақ ол аса мәселе бола қоймас. Сол сияқты күнделікті алатын заттардың арзандау нұсқасын бір шолып шығыңыз. Және ең бастысы, қандай жеңілдіктер барымен танысуыңыз керек. Ішінде сізге қазір керек және тиімді нұсқа болатыны табылса, алып алыңыз.
Сырттан тамақтануды доғарыңыз
Қалтада ақша азайғанда, ең бірінші сырттан тамақ ішуді азайту керек. Бәлкім, өзіңізге байқалмайтын болар, бірақ түскі асты күнделікті кафеден ішетін болсаңыз, ол бюджетіңізге едәуір салмақ түсіреді. Сол үшін айына кететін шығынды қызық үшін есептеп көріңіз. Жалақыға дейінгі бір аптада тамақты үйден істеп апарыңыз. Кешкі асты көбірек жасасаңыз, түскі астың қамын уайымдамайсыз. Ыдысқа саласыз да, жұмысқа барып жылытып, жеп аласыз. Бір түскі ас үшін кафеге беретін ақша сіздің кемі үш күндік үйден істейтін тамағыңызбен пара-пар болуы мүмкін. Сондықтан таразылаңыз.
Тегін дүниелерге мән беріңіз
Уақытта жақсы өткізу үшін міндетті түрде ақша төлеудің қажеті жоқ. Мұның тегін түрі де жетіп артылады. Бір апта киноға, театрға, боулинг не бильярдқа бармасаңыз, одна тұрған ештеңе жоқ. Десек те, қатты ішіңіз пысып жатса, саябаққа барып қыдырып қайтыңыз. Жаяу жүріп, сергіп қаласыз. Досыңызды не құрбыңызды шақырып алып, сыр шертісіңіздер. Саябақтың орындығына жайғасып, шайдан ашық аспан астында әңгімелескеннің де бір ғанибет екенін ұмытпағайсыз. Сөйлесіп отырып, аузым құрғап кетеді деп қорықсаңыз, термосқа үйден шәй алып шығыңыз. Ақша барда әдемі ыдыс алып қойсаңыз, осындайда пайдасын көресіз. Бұл әсте ұят емес. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіні ақтарып отырып, тегін іс-шараларды қарап көріңіз. Бәлкім, тегін кино көрсетілімі болып қалар.
Купон, бонустарды пайдаланыңыз
Көшеде өтіп бара жатқанда қолыңызға ұстатып кеткен купондарды жақын жердегі қоқысқа салып тастайтын әдетіңіз бар ма еді? Әрине, артық қағаздың жүргені жақсы емес. Бірақ осындайда оның көмегі тиіп қалуы мүмкін. Сондықтан сөреде не әмиянда қалып кеткен купондар болса, мерзімін, жеңілдігін қараңыз. Бәлкім сол купон арқылы әдеуір жеңілдікке ие болып қаларсыз. Одан бөлек, бүгінде банк карталарының көбінде бонустық жүйе бар. Яғни карта арқылы төлем жасағаныңыз үшін сіздің есебіңізге бонус беріледі. Сондықтан жағдайыңыз жақсы кезде құртып тастамаңыз. Бонусты осындай кезге қалдырған жақсы. Бірлігіңіз бітіп қалса, сала саласыз. Болмаса, тіпті супермаркеттерде QR арқылы смартфонмен төлегенде ақшалай емес, бонуспен төлеуге болады. Сондықтан бонусқа үйір болғанның артығы жоқ. Бұдан бөлек, сондай бонустар жинауға мүмкіндік беретін мобайл қолданбаларды да жүктеп алып, еселеп бонус алуды әдетке айналдырсаңыз, артық болмайды.
Саудагер болып кетіңіз
Әрине, керектің бәрін сатып жіберіңіз де, тақыр кедейдей күй кешіңіз деген кеңес емес бұл. Бар болғаны, бірнеше айдан бері бостан-босқа тұрған заттарыңызды сізден гөрі мұқтаждау адамға екі жақты тиімді ұсыныспен сатып жіберіңіз. Қазір саудагер болу тіпті оңай. Бар болғаны арнайы мобайл қолданбаны жүктеп, тіркеліп, затты фотоға түсіріп, «онлайн-базарға» қоя аласыз. Тым болмаса, көршілердің WhatsApp, Telegram чаттары аман болсын! Сол жерге хабарландыру қалдырсаңыз, әп-сәтте алып кететін адам табылуы бек мүмкін.
Қосымша жұмыс тауып көріңіз
Бойыңыздағы қабілеттерді барынша пайдаланып көріңіз. Не істеп ақша таба аласыз? Қазір әлеуметтік желі дамыған заманда үйде отырып ақша табу тіпті оңай боп кетті. Бәлкім, жарнамалық мәтін жаза аласыз? Әлде логотип салып бересіз бе? Мүмкін, қолыңыздан аударма келер? Қалай десек те, бір айлыққа «байланып» отырғаннан гөрі қосымша табыс табуға машықтанғанның зияны жоқ.
Қарыз сұрап көрсеңіз болады
Осыған дейінгі нұсқалардың бірі де сәйкес келмесе, болмаса оларды қолданғанның өзінде жағдай мүшкіл болса, біреуден қарыз алудан басқа амал қалмайды. «Қолды бір салғанда мол салам» деп көп сома алып жүрмеңіз. Нақты қанша керек, минимал есеппен алған дұрыс. Өйткені ол ауадан келіп жатқан қаражат емес. Оның қайтарымы бар. Жалақыңыздың бір бөлігі кетеді. Сондықтан қарызды он ойланып барып алған дұрыс. Бір ескерту: қаражаттан қатты қысылдым екен деп таныстан алуға ұялып, микроқаржылық ұйымдардың есігін қағуды әдетке айналдырмаңыз. Өйткені мысқылдап шығатыны анық.
Кредит картасын ашыңыз
ұл нұсқаны да аса ұсынбаймыз. Бірақ микроқаржылық ұйымдардың қарызынан әлдеқайда жақсы нұсқа. Бүгінде банктердің біразында үш айға бөліп төлеуге мүмкіндік беретін кредит карталары бар. Кейбірінде ақшалай сома шығарып алуға болатын болса, енді бірі арқылы белгілі бір сомаға дейін зат не азық-түлік, киім-кешек, керек-жарақ алуға болады. Бұған да қатты әуес болмауға кеңес беретінімізді ескертеміз.