Үкімет Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарын бекітті

Жарияланды
Облыс орталығы Түркістанға көшірілгелі 400 млд теңге инвестиция құйылған

15 жылы ішінде қала  аумағы 14 пайызға кеңейіп, 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға жетпек. Ал қала халқы екі есе көбейіп, 2035 жылға қарай 350 мың адам болады деп болжанып отыр. Бұл жөнінде премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев мәлімдеді. 

Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция құйылған. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға артып, халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға жетіпті. 

Бас жоспар жобасында 3 жобалық кезең қабылданған:

– бастапқы жыл – 2018 жыл
– бірінші кезең – 2025 жыл
– есептік мерзім – 2035 жыл.

Жоба  бойынша  қала аумағы әкімшілік-іскерлік, рухани-мәдени, қалыптасқан тұрғын аудандар, жаңа құрылыс аудандары мен алаңдары, өндірістік аймақтар, табиғи-рекреациялық аумақ болып бөлінеді. 
 
Бас жоспарда қаланың шығыс бөлігінде  жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу көзделген. Ол 1450 га аумақты қамтиды. Бұл аумақта тұрғындарға арнап білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес орталықтары, компаниялардың кеңселері, банк және т.б. нысандар салынбақ. Қазірдің өзінде 14 нысан пайдалануға берілген. 
  
2019 жылдың басына қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метрді  құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,1 млн. шаршы метрге жетуі тиіс. Ал 2035 жылы тұрғын үй қоры 9,8 млн шаршы метрге  немесе бір адамға шаққанда 28 ш.м. дейін өседі деп болжанып отыр. 

Жоба бойынша алдағы бес жылда 17,2  мың оқушы сыятын15 мектеп пен 44 балабақша, 10 денсаулық сақтау объектісі салынуы тиіс. 
 
Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығы аумағында  Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88,7га), Керуен Сарай (22,1га), Тұңғыш Президент саябағы (38,0га), Н.Назарбаев аллеясы (Арбат) орналасады.  Сонымен қатар жеке инвесторлар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақ үй сынды ірі жобалардың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі кезде Бас жоспарда жобаланған  мәдени-рухани орталықтағы 10 нысанның 6-ы толық аяқталған. 
 
Жалпы пайдалану аумағындағы көгалдандыру (саябақ, гүлбақ, желекжол, тұрғын үй орамдарын, қоғамдық ғимараттарды көгалдандыру) қазіргі таңға 187 га құрайды. Есептік мерзімге қарай 1539 гектарды  немесе адам басына  44 м2 жетуі тиіс. 

Қаланың климаттық жағдайын ескере отырып, тұжырымдамаға сәйкес, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдік дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді  қалыптастыру көзделген. Бұдан бөлек, қала тұрғындарын өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. 

 

Сондай-ақ оқыңыз