Қарапайым ауыл тұрғындары «Қарадала» халық театрының әртістері атанды
Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Қарадала» халық театры шымылдығын ашты. Бұл туралы Алматы облысы баспасөз хатшысы хабарлады.
Іс-шараға ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, сондай-ақ Алматы облысы мәслихатының депутаты – Ызғарбек Бектұрсынов, қоюшы-режиссер – Асқар Наймантаев және аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Исаханов қатысты.
Қойылым- Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайында аңызға құрылған. Пьесада жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық екенін көрсете келіп, әділдік, даналықты соған қарсы қояды.
Шығарманың авторы – Абай Құнанбайұлы.
Айта кетейік, театр ұжымы жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлері. Арнайы білімі жоқ. Десе де елдегі белгілі өнер орталарынан кем түспеуге тырысқан дайындық көрерменге бірден байқалды.
«Қойылымның алдында келген қонақтарымыз үшін арнайы көрме дайындадық. Әртістердің киімі, қолдарына ұстаған құрал-саймандары, қылыш, қалқан дегендей, жалпы декорация жұмыстарына бір миллионға жуық ақша кетті. Бұл қаржы ауданымыздағы өнерге жанашыр азаматтардың арқасында жиналды. Бастысы- театрымызды ашып алдық» – дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермухамедова.
Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Көлбав Марлен Қапашұлының айтуынша, өнер ұжымы арнайы штатпен алдағы үш жылда толық қамтамасыз етіледі.