2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда «Банк және қаржылық ұйымдардың тәуекелдерін минимизациялау тарауындағы қызметтерін реттеу бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер және қосымшалар енгізу» туралы заң қабылданды. Соның арқасында банктерге стрессті активтерді басқару үшін еншілес компания (САБК) құруға рұқсат берілді.
Бұл бастама банктердің жағдайын жақсарту үшін қолға алынды, өйткені заңнама бойынша банк активтерінің құнын арттыру үшін осы активтерді басқару құқығы аз еді.
Ал САБК активтерді басқаруға, жалға беруге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді және соның арқасында активтердің құнын арттырып, пайда табуына жол ашты. Әрине сол уақытта банк секторының жағдайы мәз емес еді. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер бүкіл несие портфелінің 30 %-ын құрады.
Төменде Қазақстан банктері несие портфелінің 2011 жылғы желтоқсан айындағы жағдайы:
ҚР Ұлттық Банк дерегі
Көріп отырғанымыздай, төлем мерзімі өткен несиелер 36,42%-ды құрап отыр, ал төлем мерзімі 90 күннен асқан несиелер 31,04 %-ды құраған.
Сол кезде Ұлттық банк банк секторын күйреуден құтқарып қалу және оған ақша салмаудың жолын табу үшін бір шешім қабылдауы керек болды. Бұл мәселені осы заң арқылы шешті.
Төменде несиелік портфельдің 2020 жылғы қазан айындағы жағдайы:
ҚР Ұлттық банк дерегі
Жоғарыда көрсетілгендей, несие портфелінің жағдайы сәл-пәл жақсара түскен, төлем мерзімі 90 күннен асқан несие үлесі 8,35 %-ды құрап отыр.
Стресті активтерді басқару компаниясын құру – бұл мәселенің түбегейлі шешімі емес, тек банк секторындағы жақсы кезеңді күткен шақта амалсыз қолға алынған шара. Бірақ өкінішке қарай, осы уақытқа дейін банк секторының жағдайы жақсармай, тіпті кері кетіп бара жатқанының куәсі болып отырмыз. Сондықтан бұдан әрі жағдай күрделене түспек, себебі жұмыс істемейтін несие ешқайда кеткен жоқ, керісінше жиналып, қордаланып қалды.
Былайша айтқанда, жұмыс істемейтін несие мен активтер банктің балансынан шығарылып, бөлек компанияға берілді. Жаңа заң бойынша банктер жұмыс істемейтін несиелерге провизия жасамай-ақ, пруденциалдық нормативтерді орындауына мүмкіндік берді.
Енді елдегі банк санына келер болсақ, 2000 жылдан 2011 жылға дейін банктердің саны 48-ден 39-ға қысқарды. Ал 2011 жылы заң қабылданғаннан бастап, 2020 қазан айына дейін бірнешеуі жабылып, 26 банк қалды.
Әрине бізге банк саны емес, сапасы керек. Алайда банктердің саны азайып, қаржы институтының күрт іріленуінің өзі үлкен тәуекелге алып келеді. Себебі бір үлкен банкте проблема болса, бұл бүкіл банк жүйесінің дағдарысына алып келуі мүмкін.
Мұндағы мәселе – сол уақыт аралығында қаржы ұйымдарының көптеп қысқаруында ғана емес, банктің проблемасын Ұлттық банк қаншалықты тез біліп, шара қолданғанында. Стресті активтерді басқару ұйымын ашу салдарынан біз банктің проблемаларын тек соңғы сәтте ғана байқаймыз. Мәселен, егер бір ай алдын Ұлттық банк тарапынан пруденциалдық нормаға қатысты ешқандай наразылығы болмасада, бір айдан кейін пруденциалдық нормативтерді орындамағаны үшін бактің лицензиясын алып қояды.
Оның үстіне САБК (Стрестік активтерді басқару компаниясы) ЖШС – жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде тіркелгендіктен, қаржылық деректер ашық түрде жарияланбайды.
Сөзімізді тұжырымдай келе, бұл жабық формадағы қауіп болашақта алдымыздан шығуы мүмкін. Өйткені банктерде стрестік активтерді жұмыс істету үшін инвестиция құятын артық қаржы жоқ, ал шетел инвесторлары тіптен жоқтың қасы.
Демек стрестік активтер, ұзақ уақыт бойына тек жинала береді. 2020 жылы пандемияға байланысты жұмыс істемейтін несие көлесі одан ары арта түспек.
Соған байланысты Ұлттық банкке, стресті активтер бойынша мағлұматтарды толық ашу жайлы ойлану керек. Проблемалық кредиттер қоры барлық жұмыс істемейтін несиелерді сатып ала алмайды. Ал банктер өзінің проблемалық несиелеріне провизия жасауы тиіс.