Зейнетақы жинағын алу: заң жобасы мақұлданды
Бүгін мәжіліс депутаттары ел азаматтарының зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, осы құжаттың қабылдануына байланысты 31 заңнамалық актіге, соның ішінде 14 кодекс пен 67 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізіледі.
Заң жобасы бұған дейін арнайы жұмыс тобының талқысынан өткен.
Мәжілі спикері Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасының қабылдануымен осы мәселені шешу бойынша Заңнамалық база құрылатынын атап өтті.
«2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады, – деді Мәжіліс Спикері.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпарат бойынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығы төмендегі санаттарға кіретін азаматтарға беріледі:
– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтарға (болашақ жұмыс кезеңі мен жүйелі түрде зейнетақы жарналарын төлеуді ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті зейнетақы жинақтарының сомасы);
– сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын мөлшерде өмір бойғы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шартына отырған адамдарға – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде (шамамен);
– зейнеткерлікке шыққан азаматтарға (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және зейнетақы жинағынан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
«Жеткіліктілік шегі» ретінде белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы қарастырылады.
«Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.
Заң жобасында сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері/апа-сіңлілері) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.