Жаңалықтар

Қазақстанда коронавирус күрт өршіді: Жүкті әйелдерге пандемия кезінде көмек қалай көрсетілмек?

3164 балада COVID-19 диагнозы расталған

Елімізде коронавирус індеті қайтадан күш ала бастады. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы белгілерімен пневмонияға шалдыққан 209 жағдай тіркелген. 64 адам сауығып шыққан. Жалпы, 1 тамыздан бері 38 490 адам ауырса, солардың 28 963-ы тәуір болып, 406 адам көз жұмған. Ал кешеден бері тәулік ішінде 6 өлім жағдайы тіркелген. Пневмониядан бір адам көз жұмған.  

Індеттің екінші толқыны балаларға да жұғып жатыр. Сол үшін күн сайын жаңа туған нәрестелер мен КВИ бар балалардың хал-ахуалына мониторинг жүргізіледі. Үстіміздегі 3164 балада COVID-19 диагнозы расталған. Бұл –елдегі барлық КВИ жұқтырғандардың 3 пайызы. 114 нәрестеде ПТР-тест нәтижесі оң болып шықты.

«COVID-19 диагнозы зертханалық расталмаған КВИ (-) 1810 бала тіркелді. Балалар арасында КВИ салдарынан болған өлім-жітім жоқ. Коронавирустық инфекцияның ағымы балалардың 85 пайызында симптомсыз және жеңіл болды, орташа – 14,2 пайыз және 19 балада ауыр өтті. Барлығы стационарлы емделді. Бүгінгі таңда COVID-19 бар 340 бала бақылауға алынды, оның ішінде үшеуі – жаңа туған нәресте, 337-сі – 18 жасқа дейінгі балалар, ауруханаға жатқызылғандар – 55, 285 бала амбулаториялық ем қабылдауда»,– деді спикер.

7 балада COVID-19 асқынуының белгісі ретінде вирустық пневмония, үш науқаста пневмония негізінен бактериялық сипаттағы пневмония анықталған.
Спикердің сөзінше, тағы 200 оқушы дәрігерлердің бақылауында, сондай-ақ балабақшалардың кезекші топтарынан 18 бала, интернаттан 21 бала бар. Оның ішінде 14 бала ШҚО девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатынан, СҚО Мамлют орта мектеп-интернатының 7 тәрбиеленушісі бар. 

Жалпы, тамыз айынан бастап 42 балада COVID–19 (Кавасаки-ұқсас синдром) байланысты мультижүйелік қабыну синдромы тіркелді. Қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар науқастар жоқ.

Баспасөз жиынында балаларға байланысты амбулаториялық, стационарлық және жедел медициналық көмек деңгейінде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Балаларға дер уақытында көмек беру үшін «Балаларда COVID-19 коронавирустық инфекциясын» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасын бекіткен. 

«Диагностика және консультациялық-практикалық көмек көрсету үшін республикалық орталықтар мен жетекші медициналық ЖОО сарапшыларының жұмыс тобы құрылды. Олар онлайн режимде және телемедицина бойынша мультижүйелік қабыну синдромына (Кавасаки-ұқсас синдром) күдігі бар барлық балаларға жетекшілік етеді, жеке емдеуді таңдап, әрбір бала бойынша консультациялар, консилиумдар өткізеді. Амбулаторияларда «лас» және «таза» аймақтар қарастырылған. Барлық емханалар балаларды амбулаториялық деңгейде емдеу үшін дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамтамасыз етілді»,- деді вице-министр.

Сондай-ақ денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят коронавирусты қайта жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелгенін хабарлады. Бұл туралы ол тілшінің жолдаған сауалына берген жауабында мәлімдеді. 

«Науқаста бірінші жағдайда да аурудың толық клиникалық картинасы болған. Індет барлық инструменталдық-лабораториялық талдаулармен дәлелденген. Қазан айында ол осы аурумен қайта түсіп, ПТР-тестінің нәтижесі оң болып шықты. Бұл жағдай елімізде қайта ауырған жағдай деп тіркеліп отыр».- деді Ажар Ғинаят. 

Оның атап өтуінше, Батыс Қазақстан облысында тіркелген екінші жағдай қазір ДСМ жанындағы эпидемиологиялық комиссиямен қаралып жатыр. Бұл науқастың бірінші рет ауырған кездегі эпидемиологиялық анамнезі белгісіз. Сондықтан әзірге мамандар бұл жағдайды қайта ауырды деп есептемей отыр.

Вице-министр пандемия кезінде жүкті әйелдерге медициналық көмектің үздіксіз көрсетілетінін айтты. Жүкті әйелдерді қарау кезінде, санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен ұсынылған жеке қорғаныш құралдарын пайдаланудың барлық талаптары сақталады деді ол. 

«Қазақстанда ана өлімінің күрт артуына жүктілер арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының асқынуы себеп болып отыр. Ал нәрестелер өлімі көрсеткіші төмендеді. Бұл жүкті әйелдердің физиологиясына да байланысты. Жүкті болғанда әйелдердің денсаулығына күш түседі. Сонымен қатар, гормоналдық, басқа да фондарға байланысты, тамырларына, өкпе жұмысына түсетін салмақ артады. Бұған вирус қосылып, ауру күшейсе, жағдай нашарлайды. COVID-19 жұқтыру қаупін төмендету мақсатында жүкті әйелдерді жоспарлы қабылдауға алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады»,- деді вице-министр.

Ғиният атап өткендей, ана өлімі әйелдің жүкті болғанынан бастап босанғаннан кейін 42 күнге дейінгі аралықта есептеледі. 

Соңғы аптада елімізде өзге мемлекеттерден келген азаматтардан КВИ жұқтырудың 122 дерегі расталған. 6 қазаннан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын автомобиль өткізу пункттері арқылы 149 мыңға жуық адам кесіп өтті, 278 адамда ПТР тестің оң нәтиже анықталыпты. 

Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеме жасады. Науқастардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан облысының, Қостанай, Павлодар, БҚО шекарасында анықталды. Өткен аптада Ресеймен шекаралас облыстарда 122 жаңа импортталған жағдай тіркелген. Ал халықаралық рейспен 60 мыңнан астам жолаушы келсе, соның 41-інде оң нәтиже байқалған. 

Ол сондай-ақ халықаралық рейстермен 60 592 жолаушы келгенін, тестіленген – 8 352, оң нәтижемен 41 жолаушы келгенін айтты.

«Карантин шараларын күшейту аясында рейс саны үнемі азайып келеді. Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері үшін мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі де қатаңдатылды. Олар 3 айда бір рет шекарадан өте алады. 2021 жылғы 1 мамырға дейін 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұру ұзартылды. Ал 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін бізде ҚХР мен Үндістаннан транзиттік жолаушылардың 72 сағаттық визасыз болуы белгіленген. Сондықтан қазақстандықтарға егер шетелге шығуды жоспарласаңыз, ол жерден КВИ жұқтырып келуіңіз мүмкін екенін еске салғым келеді. Мүмкіндік болса, сапарды кейінге қалдырыңыздар» деп кеңес берді Есмағамбетова.