Қазақстанның қаржы нарығы: 9 айдың қорытындысы қандай?
Қазіргі кезде елдегі 26 банк берген жалпы кредит көлемі 14,3 трлн теңгеден асқан. Бір айдың ішінде қаржы ұйымдары берген несие 1,1 пайызға артып, 9 айда банк секторының несие портфелі 3,5%-ға өсіпті. 14,3 трлн теңге несиенің 7,3 триллионы заңды тұлғаларға берілген қарыз болса, 7 трлн теңгесі – жеке тұлғалар алған несие. Халықтың алған несиесі 5,7%-ға артып, оң серпінге ие болған. Шағын және орта бизнеске 2,2 трлн теңге көлемінде несие берілген.
Жалпы нарықтағы жағдай қандай?
Қаржы нарығының 9 айлық көрсеткішіне шолу жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған ақпарат бойынша, берілген қарызды мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдік шарттарымен қайта қаржыландыру және несие төлемдерін кейінге қалдыру сынды кешенді шаралардың арқасында экономиканы несиелеу біршама жанданғаны байқалады.
Қазіргі кезде Қазақстан банктерінің өтімділік қоры 14 трлн теңгені құрайды, соның 12,3 трлн теңгесі – өтімділігі жоғары активтермен ұсынылған. Агенттік еркін өтімділіктің болуы банктердің өз міндеттемелеріне толық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді деп тұжырымдайды.
Сондай-ақ, банк секторында капитал қоры да жеткілікті.
Ал сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері қыркүйек айында 1,2%-ға артып, 1,4 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,1%-ын құраған.
Акция нарығын капиталдандыру 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 17,7 трлн теңге болған. Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде депоненттер клиенттерінің 129 436 қосалқы шоты ашылыпты.
Халықтың несие қарызы қанша?
14,3 трлн теңге несиенің 7,3 триллионы заңды тұлғаларға берілген қарыз болса, 7 трлн теңгесі – жеке тұлғаларға берілген несие. Халықтың алған несиесі 5,7%-ға артып оң серпінге ие болған.
Екінші тоқсанда тұтынушылық кредиттеу тәуеклрін төмендету үшін қабылданған шектеулер мен экономиканы несиелеуді арттыру үшін қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушылық несие портфелі 3%-ға азайыпты.
Осы ретте биыл тұтынушылық несие көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 19,4%-ға (-621,5 млрд теңге) азайғанын айта кеткен жөн. Қазір тұтынушылық қарыз көлемі 4 241,9 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие көлемі 8,4 пайызды құрайды.
Есесіне халық ипотеканы молынан алып жатыр. Елдің ипотекалық қарызы бір айдың ішінде 3,6% өсім көрсетіп, қазан айында 2 097,8 млрд теңгеге жеткен.
Депозитттерде қанша ақша жатыр?
Түрлі қаржы ұйымдарында жатқан депозит көлемі жыл басынан бері 12,4 пайызға көбейіп, 21 371,2 млрд теңгені құрапты. Заңды тұлғалардың депозиттері қыркүйекте 4,5%-ға артып, 11 141,0 млрд теңгеге жетсе (жыл басынан бері 13,1%-ға), жеке тұлғалардың депозиттері 10 230,2 теңгеге дейін, яғни 2,1%-ға (жыл басынан бері 11,6%-ға) өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 2020 жылғы қыркүйекте 2,2%-ға өсіп, 1 қазандағы жағдай бойынша, 12 631,4 млрд теңгені құраған. Яғни жиған-тергенін теңгемен сақтайтындардың қатары артқан.
Ал шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 8 740,1 млрд теңге көлемінде қалыптасқан.