Пандемияға қарамай бір күнде Қызылорда облысында тұрғындар 19 той өткізген
2020 жылғы 05 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін 24 мониторингтік топтың рейдтік тексерістерімен 3226 нысан қамтылды. Нәтижесінде 804 карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету нысандарындағы бұзушылық саны – 383, үй жағдайларында ұйымдастырылған мерекелік-көпшілік іс-шаралар саны-403 және көшедегі топтық жиналулар саны-18. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы шұғыл ресми ақпарат хабарлады.
Анықталған 804 карантин талаптарын бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 37 391 880 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі үй жағдайында көпшілік жиын ұйымдастыруға қатысты және қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік сауда орындарына қатысты анықталған. Оның ішінде жеке кәсіпкерлікке қатысты-14, нысандарға қатысы бар жеке тұлғаларға-369, ал нысандармен байланысты емес жеке тұлғаларға қатысты 421 әкімшілік хаттама толтырылған.
Халыққа қызмет көрсету орындарындағы карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауына қатысты анықталған, яғни қызметкерлер маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз халыққа қызмет көрсеткен, сонымен қатар шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар.
Атап айтқанда, 278 дерек маска тағу ережесін бұзуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтамауға қатысты, жұмыс жасау уақытының шектелуін бұзу бойынша – 60, тыйым салынған нысандардың қызмет көрсетуі бойынша – 31, залалсыздандыру талаптарының сақталмауы бойынша– 14 талап бұзушылық орын алды.
Соңғы тәулікте облыс бойынша 19 карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 2 дерек мейрамханаларда, 17 дерек жеке тұрғын үйде той жасаған жеке тұлғаларға қатысты анықталды. Нәтижесінде 19 жеке тұлғаға 791 730 теңге әкімшілік айыппұл салынды.