Азық-түлік қауіпсіздігі: Қазақстанда тапшылық сезілуі мүмкін бе?

Жарияланды
«Қор нарықтары» бөлімінің баяндамашысы
Мемлекет қандай бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр?

Британдық The Economist – Intelligence Unit басылымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2019 жылы 113 елдің арасында азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі бойынша 48-орын алған. Ал 2018 жылы 57 сатыда тұрыпты. Биыл коронавирус пандемиясы дүние жүзіндегі экономикалық жағдайды күрт өзгертті, оның ықпалы ауыл шаруашылы саласын да айналып өткен жоқ. 

Осы орайда «Курсив» бұл жағдайдың Қазақстанға қалай әсер етіп, мемлекет оқшаулануға қаншалықты дайын екенін бағамдап көрді. 

Пандемия және азық-түлік әлемі

Коронавирус пандемиясы биыл әлемдік экономиканың негізгі сын-қатеріне айналды. Ел үкіметтері халықының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылдаған карантин шаралары  көптеген салалардың тұралап қалуына әкеп соқты. Ол өз кезегінде әлемдік экономиканың құлдырауына ықпалын тигізді. Мәселен, Халықаралық қаржы қорының сарапшылары «Дүниежүзілік экономиканың даму болашағы» деген баяндамада биыл жаһандық жалпы ішкі өнім бірден 4,4 пайызға қысқаратынын жазады. Ал Қазақстанға қатысты болжам өзгеріссіз – ел ЖІӨ-сі 2,7 пайызға төмендейді. 

Пандемия халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығы саласына да өз әсерін тигізді. БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының болжамы бойынша, пандемия әсерінен азық-түлік тапшылығы мәселесімен 265 млн адам бетпе-бет келмек. Бұл сан 2019 жылы екі есе аз еді, 135 млн болатын.

«COVID-19 кедейлік шегінде өмір сүретін миллиондаған адамдарға өте қиын соғуы мүкін. Нанын күн сайынғы ауыр еңбекпен тауып жүрген миллиондаған адамға ауыр соққы. Карантин мен жаһандық экономикалық құлдырау олардың бар жиған-терген қорын тауыстырды. Осы ғаламдық апаттың салдарын жеңілдету үшін бәріміз  дәл қазір жұмыла әрекет етуіміз керек», – деп пайымдайды Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының экономисі Ариф Хусейн. 

ДАБ басшысы Дэвид Бисли тамыз айында ТАСС басылымына берген сұхбатында пандеия салдарын сәл-пәл жеңілдету үшін ұйымға жарты жыл ішінде $5 млрд қажет болатынын мәлімдеді. Бұл ретте Орталық және Шығыс Азияда ішерге ас таба алмай жүргендердің қатары 135 пайызға артып кетуі ықтимал. 

Ал еліміздің ауыл шаруашылығының жағдайы қандай?

Азық-түлік қауіпсіздігі – Қазақстанның экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі. Оған қол жеткізу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келер жылы аяқталады. Сосын оның орнын дәл осындай 5 жылдық бағдарлама басады. 

«Негізгі міндеттеріміз: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру,  еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі  жолдауында.

Бұл саладағы жағдайды цифрлармен көрсеткен жеңілірек. Ресми статистикаға сай, 2019 жылы ауыл шауаршылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 0,1 пайызға кеміп, құны 5,2 трлн теңгенің азық-түлігі өндірілген.  Ауа райы құрғақ болып, өсімдік шаруашылығының 3,6 пайызға кемуі салдарынан жапы өнім көлемі сәл-пәл төмендеген. 

Есесіне мал шаруашылығы өнімдерін өндіру аз-маз өсім көрсеткен – 4 пайыз. Мәселен, ет   2018 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға, яғни 1,1 млн тонна артығырақ өндірілген. 
 Жалпы, «Аграрлық несие корпорациясының» 2019 жылғы есебінде Қазақстанның етпен қамтамасыз етілуі 85%-ы құрайтыны жазылған. 

Бұл ретте қызыл ет: сиыр, қой, жылқы  еті бойынша импорттың үлесі 5%-дан аспайды. Ипорттық ет тек мұздатылған күйде жеткізіледі де, оны қайта өңдеу кәсіпорындары ғана пайдаланады.  Агроөнім экспорты да 6,4 пайызға өсіп, $3,3 млрд құраған. 

 Қазақстанға қауіп қайдан?

Карантин басталғалы елімізде азық-түлік жеткізуде аса үлкен кідіріс болған жоқ. Ал жеке-дара іркілістерге мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық ахуалға байланысты бақылау күшейтілуі себеп.  

Тіпті карантин басталған наурыз-сәуір айларында, халыққа да, бизнеске де еркін-жүріп тұру шектеліп, жаңа талаптарға бой ұсынуға тура келген кезде азық-түлік тапшылығы сезілген жоқ. 

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев:

 «Үкімет Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды міндеттердің бірі –  азық-түлік қауіпсіздігін қадағалайды. Бізде азық-түлік жеткілікті, ажиотаж тудырмас үшін оны уақтылы жеткізу мен бағаның қымбаттамауын қамтамасыз ету керек», –деді.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл егін бітік шығып, астық мол жиналды. Егер 2019 жылы 17,4 млн тонна бидай диірменнен өтсе, биыл оның көлемі 20 млн тоннаға жеткен. Бұл өз кезегінде елдегі  нан өнімдері өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді: былтыр мәселен астықтың аз жиналуы  ұн мен нан өнімдерінің қымбаттауына себеп болған. 

Елдегі азық-түлік қауіпсіздігін ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында  жұмыс істейтін компаниялардың тұрақты дамуы қамтамасыз етеді. Айталық, ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, 2019 жылы ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 41% -ға артып, 501,6 млрд теңгеге жеткен. 

Агроөнеркәсіп секторындағы кәсіпорындарды қолдауда мемлекеттің маңызы зор. Мысалы, «2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы» аясында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 2,77 трлн теңге бөлу жоспарланған.

Бұл ретте «ҚазАгро» ұлттық холдингі  – саланы ең ірі кредиторы,  оның еншілес компаниялары: Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроқаржы агроөнеркәсіпке қаржылай қолдау көрсетеді.  2019 жылы холдинг АӨК субъектілерін 477 млрд теңгеге қаржыландырған. Егер ұзақ мерзімді кезеңді алар болсақ, онда бір ғана Аграрлық несие корпорациясы 2001 жылдан бастап 2019 жылға дейін Қазақстан агроөндірісіне 1,28 трлн теңге кредит берген.

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін мемлекет пандемия жағдайында ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.

«Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Мұны  қалыптасқан ахуал анық аңғартты.  Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсете береміз»,– деді  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында.

Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауы тиіс. Бұл шара өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайтып, өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейтін 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылықты қолдау үшін қолға алынады.

Одан бөлек, мемлекет басшысы тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіруді, сондай-ақ, жобаға қатысушыларды оқыту мен  олардың аграрлық саладағы құзыретін арттыру ісін де қолға алуды тапсырды.

 Бұл өз кезегінде 2 миллионға жуық ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импорқа тәуелділігін төмендетеді.

Сондай-ақ оқыңыз