Қазақстанда жеке тұлға мен жеке кәсіпкерлер өз депозитін сақтандыру міндетінен босатылған. Салымшы қаржысының сақталуына қатысты құқығы заң жүзінде қорғалады. Егер банк лицензиясынан айырылса, онда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сол банктің салымшылар алдындағы міндеттемелерін өз мойнына алып, ақшасы қайтарады.
Кепілдендірілген сома депозит түрі мен валютасына байланысты. Шетел валютасындағы депозиттер үшін кепілдендірілген сома – 5 млн, теңгемен сақталған депозиттер үшін – 10 млн теңге, сонымен қатар теңгедегі жинақ салымдар үшін 15 млн теңгені құрайды.
Ал қазақстандықтар бюрократиялық кедергілерден қашып, депозитте жатқан аз-маз жинақтарын алуға құлықсыз. Кепілдендірілген соманы алу үшін агент-банкке барып, өз қолымен арыз жазуы керек.
Ойыннан шығып қалғандар
Депозиттерге кепілдік беру қоры соңғы 15 жыл ішінде, биыл қыркүйек айында лицензиясынан айырылған Tengri Bank-ті қоса алғанда, 8 банктің салымшыларына кепілдендірілген өтемақы төлеген. ҚДКБҚ дерегі бойынша, 2006-2018 жылдары жабылған банктердің салымшылары өздеріне тиесілі 1,1 млрд теңгесін алмаған.
Қазақстандық банктерді банкротқа ұшыратқан басты себептің бірі – банк басшылығының қаржы жымқыруы. Мәселен, бұрындары Қазагропромбанк атауымен танылған Наурыз Банктің жұмысы көңіл көншітпей, қызметі бірнеше рет тоқтатылып, ақырында 2005 жылы лицензиясынан айырылып тынды. Ал банктің бұрынғы басқарма төрағасы Оразалы Ержановқа 7 жылдан соң қылмыстық топ құрып, 3,4 млрд теңге (2004 жылғы бағам бойынша 30 млн доллар) қаржы жымқырды деген айып тағылып, 5 жылға сотталды.
Лицензиясына айырылар сәтте 390 мың салымшысы болған Валют-Транзит Банктің жабылуы қоғамда біраз шу тудырды. Сол кезде банктерді қадағалайтын Қаржылық қадағалау агенттігі Валют-Транзит Банктің мүшкіл хәлі жайлы 2006 жылдың қыкүйегінде мәлімдеді. Содан үш айдан кейін регулятор лицензиясынан айырды. Ал 2007 жылы Валют-Транзит Банк директорлар кеңесінің экс-басшысы Айтбақы Белялов сотталып, 3,5 жылға түрмеге қамалды. 2011 жылы Беляловке тағы бір айып тағылып, нәтижесінде банкир тағы 10 жыл арқалады. Валют-Транзит Банктің бұрынғы басшысы салымшылардың ақшасын заңсыз пайдаланған. Жалпы көлемі 30 млрд теңгеден аса шығын келтірген.
Ал Астана банкінің банкрот болу тарихы біршама өзгеше өрбіді. Астана банкі, Эксимбанк, Qazaq Banki-нің жабылуына сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлемдемесі үлкен ықпал етті. 2018 жылдың 18 сәуірінде тұңғыш президент аталмыш 3 банктің көрсеткіштері өте жаман деп, мемлекет ендігәрі оларға қолдау көрсетпейтінін мәлімдеді.
Осы мәлімдемеден соң көп ұзамай Астана банкінің салымшылары банктегі жинағын жаппай шешіп ала бастады. Банк басшылығының «төлем қабілетіміз тұрақты» деген сөзін құлаққа да ілген жоқ. Қыркүйек айында Астана банкінің қаржылық жағдайы күрт нашарлап, сол айда-ақ лицензиясынан айырылды. Нұрсұлтан Назарбаев атаған екі банкті де осындай тағдыр күтіп тұрды.
Бүгін сот шешімімен таратылған Tengri Bank-тің бұрынғы топ-менеждерлері ұсталғаны белгілі болды. Олар қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
БЖЗҚ-ның бүйірі толығады
Дегенмен, ел үкіметі таратылған банктердің депозитінде жатқан, иелері сұрау салмаған қаржыны пайдаға жаратудың жолын тапты. 2021 жылдың сәуірінен бастап, жабылған банкте сұраусыз қалған қаржы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде салымшылардың БЖЗҚ-дағы шотына аударылады.
Бұндай түзету «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген. Қазіргі кезде құжатты парламент мәжілісі қарап жатыр.
Заң жобасының авторлары бұл депозиттердегі ақшаны алуға ҚДКБҚ сайты арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.
Егер жабылған банк салымшысы төлем басталған соң бір жыл ішінде өтініш бермесе, онда бұл ақша оның БЖЗҚ-дағы жеке шотына аударылатын болады. Осылайша, депозитордың өтемақыға өтініш бермеуі ҚДКБҚ-ның кепілдік берілген өтем сомасын ерікті зейнетақы жарнасы ретінде аударуына келісуімен теңестіріледі.
Бұл түзету 2021 жылдың сәуірінен өз күшіне енуі мүмкін.