Табысыңды растамай-ақ қалай несие алуға болады?

Жарияланды
Табысты растау – несие рәсімдеу кезіндегі басты талаптардың бірі

Қай банкке, қандай қаржы ұйымына барсаңыз да сізге қарыз беру үшін табысыңызды көрсетуді сұрайды. Тіпті, талап етеді. Көптеген азаматтар түрлі жағдайға байланысты табыстарын растай алмайды. Штаттан тыс қызмет істейді немесе көлеңкелі экономика арқылы табыс табады дегендей. Алайда бұл тығырықтан шығар жол да жоқ емес. 

Азаматтар жұмыс істейтінін, айма-ай тұрақты жалақы алатынын, бірақ банктің несие бермейтінін айтып шағымданады. Сарапшылардың айтуынша, көптеген банктер өз клиенттерінің жалақысын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мәліметтер негізінде тексереді. Яғни, несие алушының соңғы алты айда зейнетақы аударымдары болуы тиіс. Кейбір қазақстандық компаниялар сәуір айынан бастап қазан айына дейін өзі және қызметкерлері үшін міндетті әлеуметтік төлемдерден босатылған болатын. Нәтижесінде, салық агенттері жеке табыс салығын, міндетті медициналық сақтандыру жарнасын және зейнетақы аударымын төлеген жоқ. Сол себепті, банк клиенттері соңғы жарты жылдағы жеке зейнетақы төлемі жоқ болғандықтан несие ала алмай қалды. 

Бұл талап негізінен кепілсіз, ипотекалық және автонесие алуға тікелей қатысты. Бірақ табысыңды растап жатуды қажет етпейтін несие түрлері де бар. Негізінен кепілді несие жағдайында. Банк ресми табысы жоқ клиентпен келісім жасасқан кезде өз-өзін қауіпсіздендіруі керек. Ресми табыстың жоқтығына назар аудармас үшін көптеген банктер қарыз алушыға да, үшінші тұлғаға да тиесілі кепілді жылжымайтын мүлікпен несие береді. 

Жылжымайты мүлікті бағалағаннан кейін ғана несие сомасы анықталады. Көп жағдайда кепілді мүліктің нарықтағы құнының тең жартысына жуығын несие ретінде беріп жатады. 

Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен де табысты растамай ипотекалық несие алуға болады. Әлбетте, тура басқа банктер секілді ТҚЖБ да клиенттің зейнетақы қорына жасаған аударымдарына мән береді. Сөйтіп, оның төлем қабілетін анықтайды. Ал клиент ай сайын тұрақты негізде депозитке ақша салып отырған болса, онда банктің сеніміне ие болады. Сөйтіп, оның төлем қабілетіне жақсы баға беріліп, ресми табысына қарамай-ақ несие беру мүмкіндігі артады. Өйткені, клиент жылдар бойы тұрақты түрде ақша салып, өзін дәлелдей алды. Бұдан соң банк те жалақы көлеміне қарап жатпай, арзан несие ұсынады. Бұл әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар үшін өте тиімді. 

Бұл ретте ТҚЖБ-ның еңбекақы, шәкіртақы, зейнетақы, тұрғын үй төлемі, түрлі жәрдемақыларды табыс ретінде қабылдайтынын да айта кету маңызды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз