Tengri Bank-тың бұрынғы топ-менеджерлері ұсталды
Қазақстанда «Tengri Bank» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясов пен Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықов ұсталды. Бұл ақпаратты «Курсивке» ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов растады.
Олар банк қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
«Мәселенің егжей-тегжейін кейінірек хабарлаймыз», -деді Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Tengri Bank-тің ең ірі акционері – Punjab National Bank (41,64%).
18 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ын банктік және өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиясынан айыруған еді. Банкті лицензиясынан айыруға: пруденциялық нормативтерді және сақталуға міндетті басқа да нормалар лимитін жүйелі түрде бұзу, қадағалап, ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған.
5 қараша күні Алматының мамандандырылған экономикалық соты «Tengri Bank» АҚ-ын тарату туралы шешім шығарды. 28 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) осы жөнінде сотқа шағым түсірген болатын.
Судья Анар Әбілова агенттік шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарған.