Жаңалықтар

Қаржы пирамидасы: мыңдаған адам зардап шеккен

Жыл басынан бері олар 33 млрд теңге шығынға батыпты

Қазақстанда жыл басынан 25 мың адам қаржы пирамидасының арбауына түсіп, 33 млрд теңгесінен айырылған. Бұл жөнінде онлайн-брифинг барысында Ішкі істер министрлігіне қарасты тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтып өтті. 

«Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің тергеу бөлімшелері 250 қылмыстық істі тергеді. Қазіргі кезде 120 қылмыстық іс сотқа жолданды. Қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 98 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот санкциясымен 63 адамқамауға алынды. Жалпы, елімізде қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленушілердің  қатары 25 мыңнан асып кеткен. Келтірілген шығын сомасы 33 млрд теңгеден асады», – деді Әділов бейсенбі күнгі брифингте.

Департамент басшысының мәліметінше, қаржы пирамидаларынан батыс және оңтүстік өңірдің халқы ең көп зардап шеккен. Осы аймақтарда «Гарант 24 Ломбард» ЖШС, «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «Выгодный займ», «Голд Компании», «Хоум Автоинвест» сынды ұйымдар белсенді жұмыс істеген.

«Қазір салымшылардың қаражатын жымқырғандар анықталып, дүние-мүлкі тәркіленіп жатыр. Сот арқылы күдіктілердің барлық мүлігі зардап шеккендердің қаржысын қайтаруға бағытталады», – дейді Санжан Әділов.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетін 2020 жыл басынан бері елімізде 35 қаржы пирамидасын құру фактісі тіркелгенін мәлімдеген еді. 

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері қандай?

Осы ретте алаяқтардың арбауына түспес үшін олардың негізгі белгілерін біліп жүрген артық етпейді. 

Қаржы пирамидасының басты белгісі – өте үлкен табыс уәде ету. Жоғары табыс туралы уәде өзгелерді тарту үшін бір рет орындалуы мүмкін, бірақ үлкен қаражатты жоғалту тәуекелі тым жоғары. 

Қаржы пирамидасына, әдетте, ерікті түрде және ешқандай  құқықтық  негізсіз кіреді. Демек, ешкім салынған қаражатты қайтаруға ешқандай кепіл бермейді.

Екінші белг –  компанияның нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметі жоқ. Пирамидалар тауар, несие, туристік, құрылыс компаниялары атын жамылады. Бірақ шын мәнінде,пирамиданың бұрынғы салымшыларына барлық төлем жаңа салымшылардың жарнасы есебінен жүргізіледі. 

Үшінші белгі–  мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни бұл компания қайта құрылған, не қаржылық есептілігі жоқ, не келісім-шарт жасамайды, жасалған күннің өзінде, тек ұйымдастырушылардың пайдасына жасалған және қолданыстағы  ҚР заңнамасына сәйкес келмейді. 

Төртінші белгі –  компанияның қызметі жан-жақты, тұтастай алғанда нақты бір бағыты жоқ. 

Бесінші белгі – әлеуметтік желідегі «жабысқақ» жарнама. Қаржы пирамидасы туралы жарнаманы БАҚ-та таратуға заңмен тиым салынғандықтан, бұл заңсыз бизнес әлеуметтік желі мен мессенджерге көшкен. 

Алтыншы және ең маңызды белгі – қаржылық реттеуші берген лицензиясының болмауы. Егер шарты мен пайыздық мөлшерлемесі көрсетілген болса, кез келген жарнаны салым деп атауға болады. Халықтан жинақ ақша қабылдау үшін ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы қажет. Ал бұл лицензия екінші деңгейлі банктерге беріледі.