Коронавирустың екінші толқыны ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

Жарияланды
Ұлттық банк болжамы

Пандемияның теріс әсері мен жаппай қатаң шектеу енгізілуі салдарынан әлемдік экономикадағы белсенділіктің нашарлауы – Қазақстан экономикасы үшін  де қауіпті. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Қазақстан экономикасы ашық экономикаға жататынын, ол  әлемдік экономиканың серпінімен ұштаса дамитынын еске салып өтті.  

Оның айтуынша,  коронавирус әлемде қайтадан күш алып, кең таралса, онда шикізат тауарларына деген әлемдік сұраныс төмендеп, бағаның  арзандауына алып келеді. Бұл өз кезегінде мұнай экспорттаушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда экспорттық валюта түсімінің қысқаруына әкеп соғады. Елге экспорттан түсетін төлемдердің қысқаруы ұлттық валютаға қысым көрсету қатерін туындатып,  нәтижесінде инфляциялық процестің қарқын алуына әкеп соғуы мүмкін.

«Бұл ретте Еуропа мен басқа дамыған елдерде биыл көктемдегіндей қатаң карантин шараларын қайта енгізу ықтималдылығы салыстырмалы түрде төмен, өйткені бұл ұзақ рецессияға әкелуі мүмкін. Сондықтан ел үкіметтері шектеулерді барынша нақты қарастыруы мүмкін»,- дейді ол.

Ақылжан Баймағамбетов  коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізуге қатысты  жақсы жаңалық аясында, 11 қашара күні   мұнай бағасының бір баррелі 44 долларға жеткенін айтады. Яғни, қазіргі  қалыптасып отырған жағдай біз талқылап отырған тәуекелге  қарама-қайшы болып тұр.

«Алайда, біз үшін бағаның бұлай қалпына келуі құбылмалы кезеңдегі қысқа мерзімді құбылыс  емес пе деген мәселе маңыздырақ. Бұл жағдай болжау мен бағамдауда жаһандық белгісіздікті ескеру тәсілі өзін-өзі ақтайтынын білдіреді. Сондықтан әлемдегі  жағдайды ескерсек, біздің шешімдеріміз ел экономикасы үшін тәуекелдердің іске асырылу ықтималдығын мұқият талдау және саралауды қажет етеді»,– деді Баймағамбетов.

 Ұлттық банк төрағасының орынбасары қараша-желтоқсандағы болжамды кезең барысында базалық сценарийден бөлек, жағдайдың бұдан былайғы дамуының түрлі сценарийін қарастыратынын айтып өтті. Сонымен бірге, экономикаға әсер ететін іргелі факторлардың даму қарқынына байланысты базалық ставканы төмендету ықтималдығы бағаланады.

Айта кетейік, өткен айда Ұлттын банк екінші ай қатарынан базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде  өзгеріссіз қалдырды. 

Қазақстан экономикасының  даму серпіні, жалпы алғанда, болжамға сәйкес қалыптасып келе жатыр деп пайымдайды Баймағамбетов. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 2,8 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, базалық салаларды көрсететін қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2020 жылғы қаңтар-қазанда 2,8%-ға төмендеген (2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2,5%-ға төмендеді), бұл коронавирустың  екінші толқынына байланысты қалыптасқан жағдайға байланысты, белсенділіктің барынша баяу қалпына келу белгілерін байқатады.

Кәсіпорындар арасында  жүргізілген сауалнаманың қорытындысы сәуірде қатты төмендеп кеткен іскерлік белсенділік индексі одан кейінгі 5 айда ақырындап қалпына келгенін байқатады.

«Индекс экономикадағы ахуалға өте қатты әсер етеді. Төтенше жағдай режимін алып тастаған соң, мамыр мен маусым айларында индекс өсті, алайда, шілдеде локдаун режимін енгізу тағы да төмендеуіне алып келді. Локдаун жойылғаннан кейін индекс қыркүйек пен қазанда өсуді жалғастырып, тиісінше 47,6 және 48,8 болды да, бұл нақты сектордағы  жағдайдың жақсарғанын көрсетеді» , – деді ол. 

Қыркүйекте карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты экономиканың жекелеген секторларында инвестициялық қызмет пен іскерлік белсенділік жақсарған. Экономикалық белсенділіктің оң серпіні өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ақпарат және байланыс салаларында байқалады.

Тау-кен өнеркәсібі мен көлік салалары ЖІӨ серпініне негізгі теріс үлес қосуды жалғастыруда. Қыркүйекте тау-кен өнеркәсібінде төмендеу жалғасып, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің төмендеуі нәтижесінде -7,7% (ж/ж) болды. Көлік қызметтері 23,1%-ға қысқарған.

Алдын ала бағалау бойынша, 2020 жылғы  ІІІ тоқсанында ағымдағы шот (-)5,5 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі тапшылықпен қалыптасыпты.  ІІІ тоқсанда жағдайдың нашарлауы тауар экспортының қысқаруымен байланысты. ІІ тоқсанда пандемия салдарына мұнай бағасынын арзандауы,  келесі тоқсанда халықаралық сауда статистикасынан көрініс тапты. Нәтижесінде, төлем балансының әдіснамасы бойынша тоқсандық сауда балансы 20 жылда алғаш рет теріс қалыптасып,  (-)1,0 млрд АҚШ долларын құрады.  

Мұнай бағасының төмендеуімен қатар, ОПЕК+ келісімі аясында  мұнай өндірісінің қысқаруы, пандемияның қайталану тәуекелінің артуы да әсер еткен. Бұл ретте мұнай-газ секторындағы тікелей инвесторлардың кірісінің төмендеуі ағымдағы шоттың нашарлауын ішінара реттейтін болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз