Жаңалықтар

Павлодарлық кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеу үшін мемлекеттік көмекке жүгінді

Оның банктен алған несиесінің 8 пайыз үстемақысын «Даму» қоры төлейді

Облыс орталығындағы «Болат құрылымдар зауыты» ЖШС өндірістік орындарға металдан жасалатын түрлі өнімді тапсырыс бойынша әзірлейді. Кәсіпорындар тарапынан сұраныстың көп болғаны соншалық, төтенше жағдай мен күшейтілген карантин шаралары кезінде жұмыс бір сәтке де тоқтамапты. 

Зауыт директоры Геннадий Крушинскийдің айтуынша, тапсырысты уақытылы орындау үшін кей кездері демалыс күндері жұмысқа шығуға тура келген екен.  

«Төтенше жағдай кезінде арнайы сайт арқылы рұқсатқағаз алып, қызметкерлерді тасымалдау үшін автобустарды жалдап, барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра еңбек еттік. Өндіріске қатысты қиындықтар туындаған жоқ», – дейді Геннадий Крушинский. 

Десе де, жұмысшылардың жалақасын төлеп, шикізат алуда қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін еді. Себебі кейбір тапсырыс берушілер болаттан жасалған өнімдердің ақысын бірден төлей алмады. Сондықтан павлодарлық зауыт «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына жүгінді. 

«Талай жылдан бері тұрақты сатып алушымыз болып келе жатқан бірнеше компания тауардың құнын уақытылы төлей алмады. Төлемді бөліп беру, кейінге шегеру сынды амалдарды қарастырдық. Мұндай қаржылық мәселелер жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуге кері әсерін тигізуі мүмкін еді. Ал айлық белгіленген кестеге сәйкес берілмесе, жұмысшылардан айырылып, өндірісті тоқтатуға тура келетіні анық. Сондықтан екінші деңгейлі банктердің бірінен 14 пайыздық мөлшерлеме бойынша 60 млн. теңге несие алдық. Оның 6 пайызын ғана біз төлейміз. Қалған 8 пайызы «Даму» арқылы субсидияланады», – дейді зауыт басшысы. 

Айта кетелік, «Болат құрылымдар зауытында» барлығы 160 адам еңбек етеді. Қазіргі кезде жұмыс штаттық режимде жалғасып, күніне 13-15 тонна, айына 280-300 тонна металл құрылымдар дайындалады.