Жаңалықтар

Кәдесый мен қазақша мультфильмдер, азаматтық белсенділік. Қызылорда кәсіпкерлері немен айналысады?

«Ешкім ешқайда асықпайды, барлық жерде таныс бар»...

«Облыстарда ешқандай мүмкіндік, істейтін жұмыс жоқ» деген қасаң түсінік бар. Алайда осы материалдың кейіпкерлері бұның бос сөз екенін дәләлдеп береді. «Нағыз Қазақстан» («Курсив» пен «Шеврон» компаниясының арнайы жобасы) жобасының авторы Қызылорда кәсіпкерлерінің қызықты хикаяларын жинақтады. 

Қызылорда қаласы – Қазақ ССР-нің Орынбордан кейінгі бірінші астанасы. Бұл өңірден көптеген белгілі азаматтар, ақын-жыршылар, саясаткерлер мен дипломаттар шыққан. Солардың ішінде Батырхан Шөкеновтың есімін ерекше атауға болады. Жақында ескерткіші қойылып, «Пионерлер паркіне» әншінің аты берілді. Соңғы бес жылда Қызылорда қаласы едәуір өзгеріп, көркейе түсті. Сырдария өзенінің солтүстік жағалауы игеріліп, тұрғын үй, балабақша мен мектеп, ауруханалар салына бастады. 

100 жаңа есім  

Қызылордалық Сымбат Абдрахманова – психолог-ментор, аудармашы, қазақ тіліндегі бірқатар мультфильмдердің авторы және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы.

symbat-abdrahmanova.jpg

Сымбат Қызылорда қаласында туып-өскен, Алматыда жоғары білім алып, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы елшілігінде жұмыс істеген. Сосын тұрмыс құрып, Қызылордаға қайтып оралады да, 8 жылдан бері облыстық білім беру басқармасының әдістеме бөлімінде қызмет етіп келеді. Қызылорда жастар ресурстық орталығында бөлім меңгерушісі, облыстық «Қызылорда» телеарнасында «Психолог кеңесі» айдарын жүргізеді, парсы тілінен аударма жасайды. Бұдан бөлек, Сымбат – ЮНИСЕФ балалар құқығын қорғау ұйымының ұлттық жаттықтырушысы.

Парсы тілінен аударма жасай жүріп, Сымбат туған тілінің сақталуы мен кең қолданылуын қалайды. Бір күні балаларының тек орыс тіліндегі мультфильмдерді көріп, қазақ тілін ұмыта бастағанын байқап, ана тілінде мультфильм түсіру жайлы ойлана бастапты. Сымбат өз шығармаларының сценариін өзі жазады, бұл өз кезегінде артық шығынды талап етпейді. Мульфильм  кейіпкерлерін салуға  әріптестері қол ұшып созып, бұл идеяны жолдасы мен туған-туыстары да қолдаған. Оның үстіне мультфильмдерін тегін таратады, олар ел бойынша да танымал, Youtube-каналда мыңдаған көрілім жинап жатыр. 

«Мен мультфильмдерді қазақ тілінде түсіремін, олар түрлі анимациялық байқауларға қатысып, «Балапан» және «Қызылорда» телеарналарында көрсетіледі», – дейді Сымбат.

{«preview_thumbnail»:»/sites/default/files/styles/video_embed_wysiwyg_preview/public/video_thumbnails/7U3_KLO2cCQ.jpg?itok=dXQfjnCm»,»video_url»:»https://www.youtube.com/watch?v=7U3_KLO2cCQ&feature=emb_logo»,»settings»:{«responsive»:1,»width»:»854″,»height»:»480″,»autoplay»:0},»settings_summary»:[«Embedded Video (Адаптивный).»]}

Айтпақшы, Сымбаттың мультфильмдері ана тілін дәріптеумен қатар, күнделікті өмірде де кәдеге жарайды. Мульфильмдердің көпшілігі жас көрермендердің сөйлеу дағдысын дамытуға арналған және мектептерде ойын-әдістемелік көмекші құрал ретінде пайдаланылады.

Ал Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына орай қала тарихынан сыр шертетін «Сиқырлы кілт» мультфильмі түсірілген.

Мәдени мұраны насихаттап, жалпыұлттық трендке айналдыру 

PodarKing.kz брендінің негізін қалаған Нұржан Байжігітов 1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2015 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін бітіріп, экономист дипломын алады. Болашақ жары Жанар Шаутеевамен колледжде бір топта оқыған. 2007 жылы Қорқыт Ата атындағы университетті бітірген  Жанар 2017 жылға дейін «БанкЦентрКредитте» жұмыс істеді.

2017 жылы олар «PodarKing» деген атаумен  ұлттық және заманауи ағаш бұйымдарын шығаратын цех ашады. Содан бері әр түрлі: қалалықтан бастап, халықаралық деңгейдегі көрме-конкурстарға және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. 

nurzhan-bajzhigit.jpg

Бәрі 2016 жылы Нұржан мен бауыры Бақытжанның  ұлдары – Мұхамеджан мен Әділеттің сүндей тойын жасаудан басталған. Ат басындай алтын тігіп, көкпар-бәйге ұйымдастырмаса да, қуаныштарын «Қазақ хандығы» тақырыбында ұйымдастырып, атап өтуді ұйғарады. Уақыт тығыз еді, сондықтан базардағы ұсыныстарды байқап, лазермен кесетін құрал сатып алады. Алайда уақыт жақындаған сайын, көптеген себептерге байланыс үлкен той жасай алмай, отбасында шағын ғана атап өтеді. 

«Қазіргі балалардың ұлттық салт-дәстүрді білмейтіні, ұлттық өнерден жырақ, ұлттық ойындарды ойнамайтыны қатты қынжылтып, біраз уақыттан бері ойымнан шықпай жүр еді. Содан жарты жыл өткен соң «осы бастаған идеямызды неге жүзеге асырмасқа, өзімізге деген дүниені өзгелер үшін де неге жасап көрмеске» деген ойға келдім. 2017 жылдың наурызынан жұбайым Жанар және немере інім Абылайханмен бірігіп, түрлі қолөнер бұйымдарын жасай бастадық. Алғашында бұл жәй хобби еді, оны әлеуметтік желілерге салып жарнамалаған да жоқпыз. Бағымызға орай, белсенді кісілер қалалық паркте қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесін ұйымдастыра бастады. Біз түрлі жәрмеңке мен көрмелерге PodarKing деген брендпен қатыса бастадық. Осылайшы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында  біздің сүйікті кәсібімізге айналған істің негізі қаланды. Оның мақсаты – ұлттық мәдени мұрамызды қазіргі нарықта трендке айналдырып,  келер ұрпақ үшін  сақтап қалу», – дейді Нұржан.

podarking.jpg

 2018 жылы Podarking бренді Қызылорданың 200 жылдық мерейтойын өткізуге белсене қатысып, республикалық стартап-жобалар байқауына грант пен жолдама жеңіп алды. 2019 жылы Нұржан командасымен бірге «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсына, «BAIKONUR INVEST» Халықаралық инвестициялық форумы мен басқа да бірқатар конкурстарға қатысады. Нұржан 2020 жылдың ақпан айында қала орталығынан өз дүкенін ашқан.

Сын айтуға бәрі шебер 

Қызылордалық қоғам белсендісі, блогер Ерлан Мұсаев еш тыным таппай, маусым сайын жаңа жобаны қолға алады. Қала бойынша спорт алаңқайларын салу, Қызылорданың қақ ортасында «Шығармашылық Арбат» ұйымдастыру, қараусыз қалған парктерді қалпына келтіру, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен буккроссинг ұйымдастыру – осының бәрі Ерлан құрған «Социум-Қызылорда» атқарған жұмыстардың бір парасы. 

erlan-musaev.jpg

Ерлан 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген, осы қалада білім алып, осында тұрады. Ірі мұнай компаниясының гелогия және барлау бөлімінде жетекші инженер болып қызмет істейді. Үйленген, жұбайы Маржанмен екі ұл тәрбиелеп отыр. 

2014 жылы Ерлан «Социум-Қызылорда» қоғамдық қорын құрады.

«Маған өңірдің әлеуметтік мәселелерін көтеріп қана қоймай, оларды шешкен де  ұнайды. Біздің ұйым өкілдерінің дұрыс саясаты арқасында, мемлекеттік органдармен бірлесіп, 6 жыл ішінде қала тұрғындары үшін пайдалы және тиімді жобаларды жүзеге асыра алдық. Сын айтуға елдің бәрі шебер, ал сол істі қолға алып, мәселені аяғына дейін жекізу – екінің бірінің қолынан келмейді»,– дейді ол.

Бұндай ұмтылысты жергілікті билік те бағалаған. «Социум-Қызылорда» қоры жұмысын бастаған алғашқы екі  жыл қатарынан «Үздік ҮЕҰ» атағын иеленді. 

Ерланның айтуынша, қала жыл сайын көркейіп келеді, жолы жөнделіп, тротуар салып, кәріз желілері ауыстырылып, басқа да тұрғын үй-коммуналдық мәселелер шешіліп келеді. Сквер мен саябақтар жаңғыртылып, жаңа балалар алаңдары салынып, ал ескілеріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Газбен қамту мәселесі де 90% шешілген. Қала тұрғындары да белсенді бола бастапты.
Жастар мен жасампаздарға арналған аллея  – «Шығармашылық Арбатты» Ерлан өзінің ең үздік жобасы деп санайды.

«Өзім шығармашылық адамымын және өзге де  талантты адамдардың өз шығармашылығынан ләззат алып қана қоймай, одан табыс тапқанын қалаймын», – дейді Мұсаев.

Сонымен  қатар, ол  «Пионерлер паркі» (Қазіргі Батырхан Шөкенов атындағы саябақ) және 30 жыл бойы қараусыз қалған теміржол паркін қайта құру  – өзі үшін де, қор үшін де өте маңызды жоба деп есептейді. Қала келбетін және мәдени-қоғамдық өмірін жақсартуда атқарған қызметі үшін «Социум-Қызылорда» қоры бірнеше марапатқа, соның ішінде облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған.

sotsium-kyzylorda.jpg

Ерлан Қызылордада өмір сүрудің бірқатар  артықшылығы бар деп  тұжырымдайды.Ешкім ешқайда асықпайды, барлық жерде таныс бар. Білім сапасы да аса  жаман емес, дегенмен  Ерлан балаларының жоғары білімді Еуропа елдерінде алғанын қалайды, сондықтан жақын болашақта отбасымен шетелге көшуді жоспарлап отыр.