Алматы қаласында полиция майоры алаяқтық жасап, пара беруге мәжбүрлегені үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қылмыстық іс №2 Медеу аудандық сотында қаралған болатын.
«Сот үкімімен күдікті ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен, 28-бабының 4-бөлігімен, 367-бабының 2-бөлігімен айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», – деді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Ол ҚР ҚК-нің 49-бабы 1-бөлігімен «полиция майоры» шенінен айырылды. Іс материалдарына сәйкес, 2011 жылы полиция қызметкері полицияның ауылдық бөлімін басқара отырып, Алматы облысында жер алып беруге көмектескені үшін 8 мың АҚШ долларын алған.
«2014 жылы ол басқарманың басшы орынбасары болып тұрғанда борышкерді іздеу желеуімен тағы бір адамнан «Merсedes Benz E-280» маркалы көлігін және 5 мың АҚШ долларын алған. Сонымен қатар, 2020 жылы полицияның уәкілетті тұлғасы бола тұра қылмыстық іс жасаған адамға бұлтартпау шарасын айқындау кезінде және жазаны жұмсартуға көмектескені үшін 7 мың АҚШ доллары мен 150 мың теңге пара беруге мәжбүрлеген», – деді қалалық соттың баспасөз қызметінен.