Жаңалықтар

Илон Маск Марк Цукербергті ең бай адамдар рейтингінде басып озды

Джефф Безос пен Билл Гейтстен кейін үшінші орын алды

Tesla мен SpaceX негізін қалаушы Илон Маск әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде Facebook құрушысы Марк Цукербергтен асып түсті. Бұған Bloomberg миллиардерлер индексінің мәліметтері дәлел.

Рейтингке сәйкес, Масктың байлығы тәулігіне 7,6 миллиард долларға өсіп, 110 миллиард долларға жетті, ал Цукербергтің дәулеті 1,46 миллиард долларға азайып, 104 миллиард долларды құрады.

Рейтингтегі бірінші орынды Джефф Безос (185 миллиард доллар), екінші орынды Билл Гейтс (129 миллиард доллар) иеленді. Бернард Арно (102 миллиард доллар) Маск пен Цукербергтен кейінгі бесінші орында.

Bloomberg миллиардерлер индексі – әлемдегі ең бай адамдардың күнделікті рейтингі. Сандар Нью-Йорктегі әр сауда күнінің соңында жаңартылады.

Қыркүйекте Масктың ең бай адамдар рейтингінде үшінші орын алғандығы туралы хабарланды. Оның байлығының өсуі Tesla акцияларының қымбаттауымен байланысты болды. 2020 жылдың басында ол 27,4 миллиард долларға тең болды.