ШОБ: орта бизнес жоқтың қасы
Шағын және орта бизнес туралы статистиканы қарасақ, шағын кәсіпкерлік жалпы есепте 98%-ды құрайды. Яғни, бұл жеке кәсіпкерлер, орта бизнес секілді қосымша жұмыс орындарын ашпайды, олар негізінен жұмысшы жалдамай, жалғыз жұмыс істейді.
2019 жылдың аяғында Қазақстанда 439 839 компания тіркелген, оның 431 044-і – шағын кәсіпкерлік. Ал орта бизнес өкілдері – 6360 компания, немесе 1,4%.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Егер төмендегі кестеге қарасақ, компаниялардың 67,4% ғана жұмыс істейді. Қалғаны қағаз жүзінде ғана бар. Кестеде көрініп тұрғандай, ең көп компания Алматы қаласында тіркелген – 123 166 компания, ал ең азы Солтүстік Қазақстан облысында, 10 386 компания тіркелген.
Егер қызмет түрлерін сараласақ, жағдай былай қалыптасады: фирмалардың басым бөлігі «көтерме және бөлшек сауда, автомобиль және мотоцикл жөндеу» саласында жұмыс істейді. Бұл салада қызмет етіп жүрген компаниялардың үлесі 29,64% құрайды. Ал екінші орында – 13,4% үлесімен құрылыс саласы.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің үлесі 4% ғана. Былайша айтқанда, қазіргі кәсіпкерлер көбінесе алып-сатумен айналысып немесе қызмет көрсету саласында нанын тауып жүр. Экономикадағы маңызы зор өндіріс саласында да өкінішке қарай, ондай белсенділік жоқ.
2020 жылдың наурыз айынан басталған карантин шағын және орта бизнеске тағы бір сынақ болды. Карантин уақытында шағын және орта бизнес айналымы 40-50%-ға құлдырады. Бұл жағдайда да шағын бизнеске орта бизнеске қарағанда сәл оңайлау, себебі орта бизнестің кеңсе жалдау, жұмысшылардың жалақысы, коммуналдық шығын сынды басқа да көп шығыны бар. Ал шағын бизнес негізінен өз мүлкімен жұмыс істейтіндіктен, шығыны аздау. Алайда бұл мәселенің екінші қыры да бар, шағын бизнес иелерінде көбінесе резервтік капитал болмайды, сондықтан бизнес күн сайын, үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек.
Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі жалпы үлесі 29,5%- құрайды. Бұл 2014 жылғы 20,6 пайызбен салыстырғанда, әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, шағын бизнес 90%-дан астам үлесті иемденіп тұр. Саны көп, бірақ сапасы төмен, бұл – көп сұрақ тудыратын жайт.
«Бір жағынан, мен ШОБ-тың көпшілігі тіпті шағын емес, микро екенінен проблема көріп тұрған жоқпын. Шағын кәсіпкерлікті бастау да, жабу да оңай. Алайда, жаман жағы да бар: орта бизнес қаншалықты кіші болса, демек, ШОБ дамуға мүддесіз және орта бизнес деңгейіне жете бермейді. Көбіне өспейтін компаниялар нарықтың шағын болуына, жоғары тәуекелдерге және басқа проблемаларға байланысты өсудің мәнін түсінбейді. Жақсы, болжамды экономикада бизнес қалыптасып, өсуі керек, бизнес – қоғамның негізгі жұмыс берушісі және тірегі. Сонымен қатар, ақылды, бастамашыл адамдар қоғам мен мемлекетті көтеріп жатқанына сенімді болып, бизнеспен айналысуы керек. Ал егер шағын бизнес ұзақ уақыт бойы басым болса, онда елдің немесе аймақтың іскерлік климаты айтарлықтай жақсы емес деген сөз,»– деп тұжырымдайды қаржыгер Расул Рысмамбетов.