АҚШ халқы ешқайда шықпай, үйде отырып коронавирусқа тексеріле алады. Бұл туралы Хабар24 хабарлады.
Билік COVID-19-ды анықтайтын тест жинағын өз бетінше қолдануға рұқсат берді. Негізі бұған дейін де америкалықтар үйде тексеріле алатын. Алайда алынған материал бәрібір зертханаға жіберіліп отырған.
Ал мына тесттің ерекшелігі: оны үйде пайдаланып, нәтижесін ешқайда шықпай-ақ небәрі жарты сағат ішінде алуға болады. Тексеру мұрын қуысынан алынған жағынды негізінде жүргізіледі.
Тек жасы 14-тен асқан тұрғындар ғана қолдана алады. Жинақты сатып алу үшін дәрігердің нұсқауы қажет. Тест құны 50 доллар шамасында.
Қазір АҚШ-тың ірі қалаларында зертхана алдында ұзын-сонар кезек пайда болып жатыр. Өйткені әлемдік антирейтингте бірінші орында тұрған бұл елде індет өршіп тұр.
«Сондықтан үй жағдайындағы тексеру зертханаларға түсетін жүктемелерді азайтуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшылар.
Сондай-ақ мамандардың жұмысын жеңілдету, уақыт үнемдеу және артық жүріс-тұрысты қысқарту секілді тиімді тұстарын атап өтуге болады.