«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» сарапшысы Назгүл Сәрке kursiv.kz тілшісіне сұхбат берді. Маман баспана нарығындағы проблемалар, кемшіліктер, депозит мәселесі, зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану және азаматтардың қалай ақша жинау керегі жайлы айтты.
– Назгүл, әлі де болса депозит ашпаған, баспана үшін ақша жинамай жүрген адамдар жетерлік. Сондай категориядағы азаматтар үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер адам банкке баруға уақыт таппаса, қазір консультанттар өздері келіп депозит ашып береді немесе онлайн ашуға да болады. Алғаш ашқан кезде 15 мың теңге салып қойғаны дұрыс. Әрі қарай одан да көп сома салып тұрған тиімді. Мүмкіндік жетіп ай сайын 130-140 мыңнан салып тұра алса тезірек баспаналы болады. Көп адам депозитті ашып алып оған ақша салмай бос ұстап отырады. Сосын жылдың аяғында жанталасып бірден көп ақша салуға тырысады. Негізі ай сайын салып тұрған дұрыс. Егер азамат бір жылда 500 мың теңге жинай алса онда мемлекеттік 20 пайыздық сыйақыны алады. Мемлекеттік сыйақы 200 АЕК-ке (530 200 теңге) дейінгі сомаға беріледі. Мысалы, шотына 400 мың теңге жинап қойса онда 80 мың сыйақы түседі. Одан көбірек, 700 мың жинаса да бәрібір де сол ақша, яғни, 200 АЕК-тің 20 пайызы түседі.
– Сонымен қатар қомақты сомаға ие, бірақ әлі банкке салмағандар да бар. Олар үшін ақшасын қалай салған тиімді?
– Әрине, бірден салған тиімді. Әрі оның пайызы да жоғары болмақ. Мәселен, 1 млн теңге салса оның 2 пайызы – 20 мың теңге. Оны 12 айға бөліп тастасаңыз біраз ақша болатынын байқайсыз. Ал сіз ай сайын 100 мыңнан ақырындап салып тұрдыңыз делік, онда 100 мыңның 2 пайызы болмашы тиын ғана. Сондықтан бұл тұрғыда қаржысын жинап жүріп бірден салған адамдар ұтады.
– Көптеген адамның ай сайын 15-20 мың теңге төлеп тұруға төзімі жетпейді. Сондай жағдайда не істегені жөн?
– 15-20 мың теңге болса да сала берген жөн. Ресми жұмыс істемей-ақ, баспана құнының 50 пайызын жиып, бәлкім жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бәлкім басқалай заңды жолмен соңғы 6 айдағы зейнетақы жинағын қалыптастырып та тұрғын үйден үміттенуге болады. Үш жылдың ішінде солай істеп, бағалау көрсеткіші 16 болып жатса 200-300 мың жалақысыз-ақ, 40-50 мың теңге көрсетілген тұрақты жалақымен де баспаналы бола алады. Табысыңды растамай-ақ баспана алуға болады деген осы жағдай.
– «Бақытты отбасы» бойынша үй алғысы келетін көптеген азаматтар алғашқы жарна бойынша реніші бар көрінеді. Былтыр әкімдік бұл соманы (1 000 000 млн) өздері төлеп береміз деген. Бірақ былтыр бағдарлама жүзеге аспады. Ал биыл бағдарлама жүзеге асты, бірақ әкімдік алғашқы жарнаны төлеп беруден бас тартқан. Онсыз да табысы төмен, осы бағдарлама арқылы баспанадан үмітті көпбалалы отбасылар осы жағдайға шағымданып жатыр. Бұл шағым қаншалықты орынды?
– Қазір кеңес заманындағыдай тегін үй жоқ. «Бақытты отбасыға» әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қатысады ғой. Көбі – көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар дегендей. Сондықтан олар үшін 1 млн теңгелік сертификатты беру қажет деп есептеймін. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы 15 млн-ға бағаланған үйлер үшін 1 500 000 теңге берсе, ал басқа қалалар үшін 1 000 000 теңге берсе, отбасылар үшін кәдімгідей көмек болар еді.
– Біздің тұрғын үй бағдарламаларын әлі де болса жеңілдете, ыңғайлы ете түсу керек сияқты. Қалай ойлайсыз?
– Иә, жеңілдету керек деп санаймын. Әсіресе, «Шаңырақ» бағдарламасына қатысты айтар едім. Қазір 15-18 млн теңгеге үй табу қиын. Нарықта ондай бағада үй аз. Тапқан күннің өзінде ол үйлер толық дайын тұрған жоқ. Аталған бағдарлама бойынша тек жаңа салынған үйлерден алуыңыз керек. Бұл кәдімгідей қарама-қайшылық. Адамдар кем дегенде 2-3 бөлмелі үй алғысы келеді, ал 15-18 млн-ға ондай баспана таппайды. Осы ретте айтарым, бағдарлама аясында екінші нарықтағы үйлерді алуға рұқсат берілуі керек. Әйтпесе, халық үшін қиын.
– Ипотекалық баспана мен арендалық баспананың қандай айырмашылығы мен ерекшелігі бар?
{«preview_thumbnail»:»/sites/default/files/styles/video_embed_wysiwyg_preview/public/video_thumbnails/XI5zRQ0YTCM.jpg?itok=E9EwBXQQ»,»video_url»:»https://youtu.be/XI5zRQ0YTCM»,»settings»:{«responsive»:1,»width»:»854″,»height»:»480″,»autoplay»:0},»settings_summary»:[«Embedded Video (Адаптивный).»]}
– Ипотекалық үй алсаңыз құжаттарын рәсімдеп бірден қолыңызға беріп, үй сіздің меншігіңізге өтеді. Тек кепілде тұрады. Ал арендалық баспана адамдар үшін өте ыңғайлы. Ол үшін алғашқы жарнаны төлеу қажет емес. 15 жыл бойы тұрақты түрде арендалық ақысын төлеп отырсаңыз, 15 жылдан кейін өз меншігіңізге айналады. 3-4 жыл бұрын «Самұрық-Қазына» компаниясы Алматыдағы «Асыл арман» ықшам ауданында сондай үйлер берген. Егер азамат аренда құнын төлей алмай, пәтерден кететін болса онда ақшасын қайтарып береді. Сонда пәтерде бірнеше жыл тегін тұрған сияқты болады. Мысалы, айына 80 мың теңгеден төлеп 2 жыл тұрып, енді не басқа қалаға көшетін болса, не төлей алмай пәтерді босататын болса онда өтініш жазады, компания осыған дейін төлеп келген ақшаңызды өзіңізге қайтарып береді. Жоғарыда айтып өткендей, мұндай үйлер үшін 2-3 млн теңге алғашқы төлем жасамайды, тек бастапқы үш айдың арендасын кепілге қояды. Оның өзі сіз егер қандай да бір коммуналдық шығындарды төлей алмасаңыз, аталған кепіл қаражаты есебінен алып, сіздің атыңыздан төлеп жіберу үшін жасалады. Осындай сатып алу құқығымен берілетін арендалық пәтерлерді көбейтсе екен деймін. Нарықта мұндай үйлер әлі де беріліп жатыр. «Самұрық-Қазына» сайтына кіріп, ұдайы бақылап отырса мұндай үйлердің қай қалада беріліп жатқанынан хабардар болып отыруға болады.
– Көп адамдар тұрғын үй кооперативтеріне барып үй алғысы келіп, кейін алданып қалғандарын айтып жатады. Оларға алданып қалмас үшін не істеу керек?
– Оларда да алғашқы төлем деген бар. Алғашқы төлемнен бөлек мүшелік жарна деген болады. Ол сізге кері қайтарылмайды. Сіз кезегіңізді алға қарай жылжытқыңыз келсе артыңыздан адам әкелуіңіз керек. Біз заңгерлер, ненің ақ, ненің қара екенін білеміз ғой. Егер кооператив жүйесі үй алу үшін өте ыңғайлы болса, осы кезге дейін қаншама заңгерлер солар арқылы баспаналы болып кетуші еді. Қандай заңгерге барсаңыз да айтатыны «кооперативтерге жоламаңыздар» дейді. Одан да банк депозитіне ақшаңызды салып, заңды әрі тиімді жолдарын қарастырған жөн. Депозитіңізді кез-келген уақытта сатып жіберсеңіз де, ол сізге табыс алып келеді.