Жаңалықтар

Пандемия отандық сүт өндіру нарығына қалай әсер етті?

Сүт өндірісі – ел экономикасының кемшін тұсы

Отандық сүт өндіру нарығында қордаланған біраз проблема бар. Шикізат сапасының төмендігі, сиырлардың дер кезінде сауылмауы, маусым аралық ала-құлалық, құрғақ сүт өндіруді субсидиялау, логистика мәселесі кәсіпкерлердің бас ауруына айналған. 

Бәрінен бұрын, өңдеуге жарамды сапалы сүттің жетіспеушілігі өндірісті біршама тығырыққа тіреп тұр. Мамандардың айтуынша, өнімнің басым бөлігін құрайтын ұсақ фермалардың шашыраңқы орналасуы, олардағы өндіру күшінің әлсіздігі, сапалы жем-шөп базасының болмауы және малға ветеринариялық күтімнің дұрыс жасалмауы бұл саланы тұралата бастады. 

Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Eurasian Milk» ЖШС осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін техникалық базасын қайта жасақтап шыққан. Жаңа зауытта шығарылған сүт өнімдерінің алғашқы партиясы сауда желілеріне биыл желтоқсан айында шығарылмақ. Арнайы онлайн-конференцияға қатысқан сарапшылар корона-дағдарыс кезеңінде осындай ауқымды жобаның іске қосылуы ел экономикасын тұрақтандыруға елеулі үлес қосады дейді. «Eurasian Milk» ЖШС құрамына кіретін Eurasian Foods Corporation (EFC) холдингі еліміздегі ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді. Былтыр холдингтің мемлекеттік бюджетке аударымдар сомасы 9 млрд.теңгеден асыпты. 

Зауыт басшыларының айтуынша, зауытты жаңғыртуға 12 млн доллар бағытталған. 

«Бұл жаңа кәсіпорынның құрылысына жұмсалатын шығынмен салыстыруға келетін айтарлықтай сома. Зауытта бірнеше желі орнатылған: Германия өндірісі бойынша сүтті қабылдау және өңдеу, сары май өндіру бойынша швейцариялық желі, ірімшік өндіру бойынша австриялық желі және «моцарелла» типті ірімшіктер шығару үшін арнайы италиялық желі. Зауыттың мұндай құрылымы Қазақстандағы алғашқы және жалғыз болып есептеледі»,- дейді басшылық өкілі. 
 

EFC мамандарының бағалауы бойынша отандық өндірушілердің сары май санатындағы өнімінің ел нарығындағы үлесі 33 пайызды құрайды, ал ірімшік санатында 5 пайыздан аспайды. Eurasian Milk зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 50 мың тонна сүт өңдейді, ал дайын өнім өндіру көлемі жылына 14,5 мың тоннаны құрайды. Оның 3,5 мың тоннасын ірімшік өндірісі құрайды. Осы кезеңде кәсіпорын сары май, қаймақ, ірімшіктің әр түрін, оның ішінде «моцарелла» типіндегі ірімшіктерді шығаруға бағдарланады. Өндірістік қуатқа шыққан кезде сүтті қайта өңдеу көлемі жылына 110 мың тоннаны құрайды екен. 
 

«Пандемия жағдайында енгізілген бұрын-соңды болмаған шектеулерге, жабдық өндірушілер арасындағы коммуникациялардың тоқтауына, карантин жағдайында сүт өндірісінің ерекшеліктерімен таныс бірегей мамандарды-құрылысшыларды, инженерлерді, реттеушілерді іздеу және жұмысқа тартудың тым күрделілігіне қарамастан, кәсіпорынды қайта жабдықтау бойынша барлық жұмыстар қысқа мерзімде жүргізілді. Жобалау сәтінен бастап бір жылдан астам уақыт өтті. Бүгін жабдықты тестілік іске қосу өтті, алдағы айда зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Күрделі сүт өнімдерін өндіруді игеруге, сұрыпталым желісін құруға және өңдеуге уақыт қажет етіледі, бірақ біз технолог-халықаралық сарапшыларды Австрия, Швейцария, Балтық елдері сынды «сүт» елдерінен тарттық. Біз процестер және рецептуралармен жұмыс істейміз және СҚО өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де танылады деп үміттенеміз», – дейді «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры Андрей Гриценко.
 

Елдегі ең заманауи сүт өңдеу кәсіпорнын модернизациялау және пайдалануға беру Қазақстанның тамақ өнеркәсібі пандемия мен экономикалық дағдарысқа қарамастан сапалы өсуді жалғастырып келе жатқанын, ал отандық бизнес салаға өз инвестицияларын ұлғайтып отырғанын айғақтайды. Мемлекет басшысы өткен жылы осы саладағы солтүстік қазақстандық өндірушілердің позициясын күшейтудің қажеттілігін атап өтті. Бұл бастаманы СҚО әкімдігі де қолдады. Сондай-ақ Eurasian Foods Corporation басшылығы сүт өңдеу өнеркәсібін жетілдіру холдинг бизнесін дамытудың жаңа және перспективалық бағыттарының бірі деп санайды.

Отандық сүт өндірісін сапалы деңгейге шығару үшін компания фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруде кепілгер болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда фермерлерге керекті жабдықтарды ұсынуға ниетті. Компания мамандары білім беру компонентіне көп көңіл бөлмек: арнайы фермерлер үшін мамандардың консультациялары, мал шаруашылығы бойынша семинарлар ұйымдастырылады, шақырылған сарапшылар басқа елдердің аграрлары табысты қолданып жүрген заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары туралы айтып береді.
 
Компания алдағы уақытта жылына 110 мың тонна сүт өндіретін қуаттылыққа жетуге мүдделі.